Accessibility links

Зеленский имиджін жақсарту үшін АҚШ-тағы лоббистік фирманы жалдаған


Украина президенттігіне кандидат, шоумен Владимир Зеленский.
Украина президенттігіне кандидат, шоумен Владимир Зеленский.

Украина президенттігіне кандидат Владимир Зеленский АҚШ-тағы имиджін жақсартып, өзінің сайлауалды штабындағы қызметкерлерді америкалық шенеуніктермен кездестіру үшін Вашингтондағы лоббистік фирманы жалдаған.

Signal Group Consulting фирмасының өкілі Джон Проктердің Азаттықтың Орыс қызметіне айтуынша, келісім-шарт сомасы - 60 мың доллар. Шетел агенттерін тіркеу туралы акті аясында компания өткізген құжаттарға қарағанда, Signal Group Владимир Зеленскийдің мүддесіне жұмыс істейтін Маркус Коэнмен шарт жасасқан. Signal Group Consulting өкілінің сөзінше, қысқа мерзімге жасалған келісім аясында фирма Зеленскийдің өкілдерін АҚШ конгресінің мүшелерімен, Трамп әкімшілігіндегі адамдармен, журналист және зерттеу ұйымдарының қызметкерлерімен кездестірмек.

Зеленский штабындағы Азаттық дереккөзінің сөзінше, таяу арада АҚШ-қа сапарлап баруды кандидат жоспарлап отырған жоқ. Вашингтонға оның өкілі ретінде сайлауалды штабының басшысы Иван Баканов пен экономика мәселелері жөніндегі кеңесшісі Олег Дубина барады. "Нафтогаз Украина" компаниясының бұрынғы төрағасы Олег Дубинаның Зеленскийдің кеңесші болып жүргені ресми түрде әлі хабарланбаған.

Зеленский - Украина президенті сайлауының 31 наурызда өткен бірінші турында ең көп дауыс жинаған кандидат. Екінші тур 21 сәуірде өтеді. Сауалнамалар қорытындысына қарағанда, шоумен өзінің екінші турдағы қарсыласын - Украина президенті Петр Порошенконы айқын басымдықпен жеңеді.


ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG