Accessibility links

Демократтар Мюллер есебінің толық нұсқасымен танысқысы келеді


Өкілдер палатасының заң комитетінің төрағасы Джеролд Надлер.

АҚШ конгресі өкілдер палатасының заң комитетінің төрағасы, демократ Джеролд Надлер АҚШ-тың әділет министрлігіне өтініш түсіріп, арнайы прокурор Роберт Мюллер есебінің ықшамдалмаған толық нұқсасын беруді сұрады деп хабарлайды Reuters агенттігі.

"Ресейдің 2016 жылғы АҚШ-тағы президент сайлауына араласу" мүмкіндігін зерттеген арнайы прокурор Роберт Мюллер және оның зерттеу тобы биыл наурыз соңында арнайы есебін бас прокурор кеңсесіне тапсырған.

Агенттіктің жазуынша, есепте Трамптың Мюллер зерттеуін тоқтату мақсатында жасаған талпынысы туралы дерек бар. Барлау ақпаратын жинау әдістерімен байланысты жайттардың жай-жапсары да жасырылған.

АҚШ бас прокуроры Уильям Барр 1 мамырға дейін конгресс сұраған құжатты беруі тиіс.

Наурыз айының соңында 448 беттік есептің негізгі қорытындыларымен таныстырған АҚШ бас прокуроры Уильям Барр Трамптың сайлауалды кампаниясы Ресеймен құпия келісім жасады деген тұжырым дәлелденбеді деп мәлімдеген. Бірақ зерттеу тобының Трамп Мюллер зерттеуіне кедергі жасады деген тұжырым бойынша нақты қорытындыға келе алмағанын хабарлаған. Ал Мюллер зерттеуімен таныспағанын айтқан АҚШ президенті Дональд Трамп зерттеуді "өзін биліктен кетірудің амалы" деп атаған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG