Accessibility links

Министр: Алматыда ұсталған жастар марафон өткізуге кедергі келтірді


Алматы қалалық мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сот алдында жиналып тұрған азаматтар. 22 сәуір 2019 жыл.
Алматы қалалық мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сот алдында жиналып тұрған азаматтар. 22 сәуір 2019 жыл.

Қазақстан ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев 21 сәуірде Алматыда сайлауға байланысты акция өткізіп, ұсталған азаматтардың ісіне байланысты пікірін білдірді.

"Кеше Алматыда 17 мың адам қатысқан ірі қалалық марафон болды. [Марафон өткен] трасса бойында екі азамат: Толымбеков пен Төлесова плакат жайып, осылайша "митинг, жиын және шеру өткізу туралы" туралы заңды бұзған. Оның үстіне плакатты жайған кезде адамдардың оған көңілі бөлініп, суретке, видеоға түсіре бастаған. Осылайша марафонды өткізуге кедергі келтірді. Осыдан кейін олар ұсталып, сотқа жеткізілді. Сот шешімімен 15 тәулікке қамалды" деді 22 сәуірде Нұр-Сұлтанда журналистер сұрақтарына жауап берген министр.

"Ал олай болса, неге полицейлер "олар саяси ұран көтерді деп айтты?" деген сұраққа Тұрғымбаев "саяси ұран болған жоқ" деп жауап берді.

Human Rights Watch ұйымының зерттеушісі Мира Ритман Twitter-дегі парақшасында "Қазақстандағы батыс елдерінің елшіліктері бұл мәселеге назар аударатын шығар деп үміттенетінін" жеткізді.

Сәуірдің 21-і күні таңертең Алматыда марафон кезінде полиция бірнеше белсендіні ұстады. Ақпарат бойынша, олар жол жиегіне "От правды не убежишь. У меня есть выбор" (Шындықтан қаша алмайсың. Менде таңдау бар) деген жазуы бар баннерлерді іліп қойған. Полиция оларды ұстап, Әсия Төлесова мен Бейбарыс Толымбеков "бейбіт жиын өткізу тәртібін бұзды" деген айып тағып, әкімшілік іс қозғады. Кейінірек Алматы қалалық мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты екі белсендіні 15 күнге қамады. Белсенділердің адвокаттары сот шешіміне апелляциялық шағым беретінін айтты.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG