Accessibility links

Ақтөбеде мектеп асханасында 21 адам уланған


Ақтөбе қаласындағы №9 мектеп-гимназиясы. 21 сәуір 2019 жыл.
Ақтөбе қаласындағы №9 мектеп-гимназиясы. 21 сәуір 2019 жыл.

Сәуірдің 22-сі күні Ақтөбе қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы мектеп асханасынан уланған 21 адамның екеуі әлі ауруханада жатқанын хабарлады. Қалғаны медициналық көмек алған соң үйлеріне жіберілген.

Дәрігерлердің айтуынша, сәуірдің 19-ынан бастап Ақтөбедегі №9 мектеп-гимназиясының асханасынан тамақтанған оқушылар ауруханаға түсе бастаған. Дәрігерлер 21 адамның астан уланғанын айтты. Олардың 20-сы - оқушы, біреуі - мұғалім.

Ақтөбе қаласының тұрғыны Қалауша Садықованың айтуынша, екінші және төртінші сыныпта оқитын ұлы мен қызы 20 сәуір күні жүректері айнып, құса бастаған. Мектеп асханасында тамақтанған балалар сол күні ауруханаға жеткізіліпті. «Ұлым әлі де ауруханада» дейді Қалауша Садықова Азаттық тілшісіне.

Мектеп асханасы 20 сәуірден бері жабық тұр. Мектеп мұғалімі Элеонора Төлегенова «науқастанып қалғандар - негізінен бастауыш сынып оқушылары, балалардың жағдайы жақсы, жиі хабарласып отырмыз» деді.

Ақтөбе қаласы қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы мектеп асханасын тексеріп, бірнеше олқылықты анықтаған. Басқарманың мәліметінше, тоңазытқыштағы мал еті мен тауық етінің сапасын көрсететін құжаттар, мұздатқышта термометр болмаған, жуылған ыдысты кептіретін орын да талапқа сай болмай шыққан. Мектеп асханасын жалға алған кәсіпкер санитарлық-эпидемиологиялық қорытындыны алмастан 3 сәуір күні жұмысын бастап кеткен.

Ақтөбе қалалық білім бөлімі «үш күннен соң СЭС қортындысы қолымызға тиеді, мектеп әкімшілігінің тарапынан заңсыздықтарға жол берілгені расталса, тәртіптік жауапкершілікке тартылады» деп хабарлады. Ақтөбе қаласы қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы мектеп асханасын жалға алған кәсіпкерді әкімшілік жауапкершілікке тартпақ.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG