Accessibility links

Сауд Арабиясынан экстрадицияланған Махаматов соты жабық өтіп жатыр


Шымкенттегі Әл-Фараби аудандық соты.
Шымкенттегі Әл-Фараби аудандық соты.

Шымкентте өткен жылы Сауд Арабиясында ұсталып, Қазақстанға экстрадицияланған, «терроризм» бабы бойынша айыпталған Ділмұрат Махаматовтың соты жабық өтіп жатыр.

Сәуірдің 22-сі күні таңертеңгі сағат 10:00-ға белгіленген сот отырысына бірнеше сарапшы, дін мәселесін зерттеу орталығының мамандары мен туыстары ғана кіргізілген. Азаттық тілшісі сот отырысына қатыса алмады. Шымкент қалалық сотының баспасөз қызметі соттың жабық өтіп жатқанын айтты.

Іске төрағалық етуші судья Сәбит Төрехановтың айтуынша, "Махаматов бірінші сот отырысында істі жабық қарауды сұрап, өтініш түсірген". Сот "оны қанағаттандырды" деді судья.

Оның айтуынша, Махаматовқа "әлеуметтiк, ұлттық, рулық, нәсiлдiк, тектік-топтық немесе дiни алауыздықты қоздыру" және "терроризмдi насихаттау немесе терроризм актiсiн жасауға жария түрде шақыру" бабы бойынша айып тағылып отыр. Сәбит Төреханов іс жабық қаралып жатқандықтан "сотталушының жеке басы және іс туралы ақпарат бере алмаймыз" деді. Айыпталушының туыстары іс бойынша пікір білдірмеді.

Ділмұрат Махаматовтың ісі сотқа 21 наурызда түсіп, 4 сәуірде қарала бастаған.

Өткен жылы қазан айының ортасында мемлекеттік БАҚ Сауд Арабиясында "заңсыз миссионерлік қызметпен айналысқан" "салафит ағымының өкілі" Сарыағаш қаласында туып өскен Ділмұрат Махаматовтың ұсталғанын хабарлаған.

Сол кезде ақпарат құралдарына хабарлама таратқан полиция Махаматовтың "бұл елде жүріп, интернет арқылы қазақстандықтарға заңсыз үгіт-насихат жүргізгенін" айтқан еді. Кейінірек жергілікті БАҚ Қазақстан өтінішімен оны елге экстрадициялағанын жазды.

Қазақстанда соңғы жылдары өздерін "түрлі діни ағым өкілдеріне жатқызған" ондаған адам терроризм бабы бойынша айыпталып, түрмеге қамалған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG