Accessibility links

Ақтөбеде "пара алды" деп айыпталған судьяның соты басталды


Жұманәлі Төленов соты. Ақтөбе, 23 сәуір 2018 жыл.
Жұманәлі Төленов соты. Ақтөбе, 23 сәуір 2018 жыл.

23 сәуірде Ақтөбе қалалық соты "алаяқтық жасады" деп айыпталған экс-судьяның ісін қарай бастады. 42 жастағы Жұманәлі Төленов Ақтөбе облыстық сотында 2012-2018 жылдар аралығында қызмет еткен.

Тергеу материалдарына қарағанда, "тендерден жеңілген мамандандырылған әскери авариялық-құтқару қызметі тендер қорытындысын жоққа шығармақ болып судья көмегіне жүгінген. Төленов көмектесуге уәде етіп, компания өкілінен 2 млн 800 мың теңге алған. Бірақ мәселе шешілмей, созылып кеткендіктен тендерге қатысушы адам 2018 жылы сәуірде сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросына шағымданған".

Тергеу материалдарында Жұманәлі Төленовтің биыл 9 сәуір күні Алматыда тендерге қатысушы компания өкіліне 320 мың теңгесін қайтарып бергені айтылады.

2018 жылдан бері ешқайда шықпау туралы қолxатпен жүрген Жұманәлі Төленов 8 сәуір күні сот залынан қамауға алынған. 23 сәуір күнгі алғашқы сот мәжілісінде экс-судьяның адвокаты қылмыстық істі қарап жатқан судья Теміржан Алдановқа сенімсіздік білдірді. Адвокат Оксана Голубеваның сөзінше, "сотталушы Төленов Түркістан облысының тумасы. Отбасы Алматы қаласында тұрып жатыр". Адвокат "Төленовтің Ақтөбеде тұрғылықты мекенжайының жоғы оған бұлтартпау шарасын қолдануға негіз бола алмайды" деп санайды. Сондықтан ол Теміржан Алдановтың бұдан әрі істі обьективті түрде қарай алатынына күмәнданады. Қалалық сот отырыста адвокаттың арызын қанағаттандырмады.

Прокурор Сәкен Ертілеуовтің сөзінше, "экс-судья Жұманәлі Төленов ауыр коррупциялық қылмыс жасап, сот жүйесінің абыройына нұқсан келтірген". Ал Төленов тағылған айыппен келіспейді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG