Accessibility links

Прагадағы қазақ жастары Алматыда қамалған белсенділерді қолдап акция өткізді


Бір топ жас Қазақстанның Чехиядағы елшілігі алдында Қазақстанда қамалған белсенділер - Әсия Төлесова мен Бейбарыс Толымбековті қолдау акциясын өткізіп тұр. Прага, 24 сәуір 2019 жыл.
Бір топ жас Қазақстанның Чехиядағы елшілігі алдында Қазақстанда қамалған белсенділер - Әсия Төлесова мен Бейбарыс Толымбековті қолдау акциясын өткізіп тұр. Прага, 24 сәуір 2019 жыл.

24 сәуірде оннан аса жас азамат Қазақстанның Чехиядағы елшілігі алдында плакат ұстап, акция өткізді. Олардың айтуынша, акция мақсаты - 21 сәуірде Алматыда "Шындықтан құтыла алмайсың" деген баннер ұстап, акция өткізгені үшін 15 тәулікке қамалған Әсия Төлесова мен Бейбарыс Толымбековке қолдау көрсету.

Өздерінің студент екенін айтқан жастар акцияда "Қазақстандағы 9 маусымда президент сайлауының әділ өтуін, білім мен денсаулық сақтау, сөз бостандығы сияқты бірнеше бағытта оң өзгеріс болғанын" талап етті. Олар қолына "Менің таңдауым бар!", "Әсия мен Бейбарысқа бостандық!", "Шындықтан құтыла алмайсың", "Сөз бостандығы болсын", "Әділдік болсын" деген жазуы бар плакат ұстап тұрды.

Акция өткізіп тұрған жастарға елшіліктен әлдебір адам шығып, өзін "ресми тұлға емес, жай кезекші комендантпын" деп таныстырды. Ол "акция өткізіп тұрғандарға нақты не керегін" сұрап, естігенін елшіліктің жауапты қызметкерлеріне "жеткізетінін" айтып, кетіп қалды.

"Менің таңдауым бар!" флешмобы Қазақстандағы әлеуметтік желілерде бірнеше аптадан бері өтіп келеді. Флешмоб Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан президенті қызметінен кетіп, орнына Қасым-Жомарт Тоқаев отырып, Астана қаласының атауы Нұр-Сұлтан болып өзгеріп, билік биыл маусымда кезектен тыс президент сайлауы өтетінін жариялаған соң басталған.

21 сәуірде Алматы марафоны кезінде полиция бірнеше белсендіні жол жиегіне "От правды не убежишь. У меня есть выбор. #adilsailayuzhin" (Шындықтан құтыла алмайсың. Менің таңдауым бар. Әділ сайлау үшін) деген жазуы бар баннер ілгені үшін ұстаған. Сол күні сот 34 жастағы Әсия Төлесова мен 20 жастағы Бейбарыс Толымбековті "бейбіт жиын өткізу тәртібін бұзды" деп айыптап, 15 күнге қамады. Белсенділердің адвокаттары түсірген шағымды апелляциялық инстанция өзгеріссіз қалдырды. Сот баннер ұстағандарға қатысы бар және "бейбіт жиын өткізу тәртібін бұзды" деген айыппен тағы үш белсендіге айыппұл салды.

24 сәуірде Amnesty International халықаралық ұйымы Төлесова мен Толымбековті "ар-ождан тұтқыны" деп таныды. Ұйым Нұр-Сұлтанға "бейбіт жиындар туралы заңнаманы қайта қарауға" кеңес беріп, Төлесова мен Толымбековті "дереу" босатуға шақырған.

Қазақстанда кезектен тыс президент сайлауы 9 маусымда өтеді. Қазірге дейін саяси партиялар мен қоғамдық бірлестіктер сайлауға төрт кандидат ұсынды, оның ішінде Қазақстанның қазіргі президенті Қасым-Жомарт Тоқаев та бар.


ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG