Accessibility links

СІМ: Нұр-Сұлтанға Сирия қарулы оппозициясының өкілдері келді


Астанадағы Сирия бейбіт келіссөзінің 11-кезеңі. 29 қараша 2018 жыл. (Көрнекі сурет.)
Астанадағы Сирия бейбіт келіссөзінің 11-кезеңі. 29 қараша 2018 жыл. (Көрнекі сурет.)

Қазақстанда Сирия келіссөзінің он екінші отырысы өтеді. 25-26 сәуірде болатын "Астана процесі" деп аталған мәмілеге қатысуға тараптардың делегациялары келіп жатыр. Олардың арасында Сирия қарулы оппозициясының да өкілдері бар. Бұл туралы Қазақстан сыртқы істер министрлігі хабарлады.

Министрлік таратқан мәлімдеме "Ресей президенттің Сирия бойынша арнайы өкілі Александр Лаврентьев - алғаш болып келгендердің бірі. Иран делегациясын сыртқы істер министрінің саяси мәселелер бойынша аға көмекшісі Әли Асгар Хаджи, Түркия делегациясын сыртқы істер министрінің орынбасары Седат Онал бастап келді" деп жазылған.

Процеске қатысуға келгендер арасында Сирия үкіметі мен қарулы оппозиция делегациясы да бар. Министрлік хабарына қарағанда, осы келіссөзге бақылаушы ретінде Иордания, БҰҰ-ның босқындар ісі жөніндегі жоғарғы комиссары мен Қызыл крест халықаралық комитетінің өкілдері қатысады.

Сыртқы істер министрлігі "Астана процесіне алғаш рет қатысқалы жатқан БҰҰ бас хатшысының арнаулы елшісі Гейр Педерсен бүгін келеді" деп хабарлады.

Жоспар бойынша 25 сәуірде - екі жақты және үш жақты кеңес беру жиындары, ал 26 сәуірде құжаттарды қабылдау үшін кеңейтілген жиын өтеді.


Астана келіссөзі 2017 жылы қаңтарда Ресей президенті Владимир Путиннің ұсынысы бойынша басталған. Нұр-Сұлтандағы Сирия бейбіт келіссөзі Женевадағы БҰҰ бастамасымен ашылған келіссөзден бөлек өтеді.

Келіссөз Сириядағы азамат соғысын тоқтатуды көздейді. Бұған дейін АҚШ Мәскеу мен Дамаскіні Астанадағы келіссөзден нәтиже шығара алмай отыр деп сынаған. АҚШ мемлекеттік департаментінің ресми өкілі Хизер Нойерт келіссөзді "фарс" деп атаған.

Ал Қазақстан сыртқы істер министрлігі Астана процесін "тиімді" санайды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG