Accessibility links

Путин мен Ким Владивостокта оңаша кездесті


Солтүстік Корея лидері Ким Чен Ын мен Ресей президенті Владимир Путин (оң жақта). Владивосток, 25 сәуір 2019 жыл.

25 сәуір күні таңертең Ресей президенті Владимир Путин мен Солтүстік Корея басшысы Ким Чен Ын Владивостоктағы Қиыр шығыс федералдық университетінің ғимаратында кездесті.

ТАСС агенттігінің хабарлауынша, Ресейге алғаш рет сапармен келген Ким Чен Ынды Владимир Путин оқу орнының құрметті қарауыл қойылған ғимараты алдында қарсы алған. Солтүстік Корея лидерінің лимузині ғимарат есігінің алдына тоқтаған. Екі басшы қол берісіп амандасқан соң ішке кірген.

"Келіссөзге әзірленген залға ене бергенде Путин қонақжай үй иесі ретінде Кимге жол беріп, өзінің оң жағындағы орындыққа нұсқады" деп жазады агенттік.

Путин мен Ким және аудармашылары ғана қатысып отырған оңаша әңгімеге әуелде 50 минут бөлінгенімен, кездесу өтіп жатқанына бір сағаттан асты. Оңаша әңгімеден соң кездесуге екі тараптың бірнеше министрі қосылады деп жоспарланған. Бірақ бұл жиынға да баспасөз өкілдері қатыспайды.

"25 сәуірде өтетін келіссөздің негізгі тақырыбы Корей түбегіндегі ядролық қару мәселесін дипломатиялық және саяси жолмен шешу болмақ" деп мәлімдеген Кремль өкілі Юрий Ушаков сейсенбіде. Оның сөзінше, соңғы кездері түбектегі жағдай "реттелген". Ушаков "бұған Солтүстік Кореяның ядролық қаруды сынауын доғарып, полигонды жабуы ықпал етті" дейді.

Ресей мемлекеттік РИА "Новости" агенттігінің жазуынша, кездесу кезінде қандай да бір құжатқа қол қою не бірлескен мәлімдеме жасау жоспарланбаған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG