Accessibility links

Тұяқбай ЖСДП төрағалығынан кетті. Орнына Бапи сайланды


Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының бұрынғы төрағасы Жармахан Тұяқбай. Алматы, 26 сәуір 2019 жыл.

Қазақстанда өздерін оппозициялық ұйым атайтын Жалпыұлттық социал-демократиялық партияның төрағасы Жармахан Тұяқбай 26 сәуірде өткен партия съезінде төраға қызметінен кетті.

ЖСДП съезінде алдымен 9 маусымда өтетін кезектен тыс президент сайлауына бойкот жариялау туралы шешім қабылданды. Бұдан соң сөз алған Тұяқбай "жастарға жол беру керектігін" айтып, партия басшылығынан кететінін мәлімдеді.

Съезд делегаттары Тұяқбайдың бұл ұсынысын бірден мақұлдаған жоқ. Үш қайтара дауысқа салған соң ғана, 39 делегаттың 22-сі саясаткердің төрағалықтан кетуін мақұлдады.

- Басым дауыспен шешім қабылданды. Рақмет сіздерге, - деді Тұяқбай.

Ол партия төрағалығына "Дат" газеттер жобасының жетекшісі, журналист Ермұрат Бапиді ұсынды. Оның кандидатурасын съезд делегаттары бірауыздан қолдады. Тұяқбай төрағалықтан кеткенімен партияның саяси кеңесі мүшесі болып қалды.

60 жастағы Ермұрат Бапи ҚазҰУ-ды журналистика мамандығы бойынша тәмамдаған. 1990 жылдары "Социалистік Қазақстан" (қазіргі "Егемен Қазақстан") газетінің тілшісі болды. 1993-1995 жылдары Қазақ радиосы басшысының орынбасары қызметін атқарды. 1995-1997 жылдары министрлер кабинетінің баспасөз хатшысы болып істеген. 1998 жылы оппозицияға өтіп, 1998-1999 жылдары президент сайлауы жайлы оппозициялық бағытта хабар таратқан "Дат" газетін шығарушылардың бірі болды. "Дат" басылымы бірнеше рет жабылып, кейін жаңа атаумен жұмысын қайта жалғастырып отырды.

Бапиді ЖСДП саяси кеңесі биыл өтетін кезектен тыс президент сайлауына үміткер ретінде ұсынбақ болған. Бірақ журналист "2021 жылға жоспарланған парламент сайлауына дайындалайық" деп, биылғы сайлауға түсуден бас тартты.

Бұған қоса съезд партия атауын "Ақиқат" ЖСДП деп өзгерту туралы шешім қабылдады.

Оқи отырыңыз: "Оппозициялық жалғыз партия" жетекшісі Жармахан Тұяқбай

71 жастағы Жармахан Тұяқбай Қазақстан бас прокуроры, мемлекеттік тергеу комитетінің басшысы, екінші шақырылымдағы мәжіліс төрағасы болып қызмет атқарған. 2004 жылы ол депутаттық мандатынан бас тартып, президенттік "Отан" (қазіргі "Нұр Отан") партиясынан шыққан. 2005 жылы оппозиция атынан президент сайлауына түскен. Ол сайлауда Нұрсұлтан Назарбаев 91,15 пайыз дауыспен жеңіп шыққан, Тұяқбайға сайлаушылардың 6,61 пайызы дауыс берген.

Билікке оппозициялық бағытты ұстанатынын жариялаған Жалпыұлттық социал-демократиялық партия 2006 жылы күзде құрылып, төрағалығына Жармахан Тұяқбай сайланған. 2009 жылы оппозициялық "Нағыз Ақ жол" партиясымен бірігіп, көп ұзамай қайта бөлінген.

2016 жылы парламент сайлауында партия 1,18 пайыз дауыс жинап, мәжіліске өтуге қажетті жеті пайыздық межеге жете алмаған.


  • 16x9 Image

    Манас ҚАЙЫРТАЙҰЛЫ

    1994 жылы 20 мамырда дүниеге келген. Әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінде филология мамандығы бойынша бакалаврды, Абай атындағы қазақ ұлттық педагогикалық университетінде магистратураны тәмамдаған. 

    "Дарабоз" журналында (2012-2014), "31 арнаның" жаңалықтар қызметінде (2015-2018) жұмыс істеген.

    Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуге болады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG