Accessibility links

Алматыда депутат Мұсабаевтың кәсіпкер үстінен түсірген шағымы бойынша сот тыңдауы өтті


Қазақстан парламентінің депутаты Талғат Мұсабаевтың кәсіпкер Бахт Ниязовтың үстінен түсірген шағымы бойынша алдын ала сот тыңдауы. Бостандық аудандық соты. Алматы, 30 сәуір 2019 жыл.

30 сәуірде Алматыдағы Бостандық аудандық сотында Қазақстан парламентінің депутаты Талғат Мұсабаевтың кәсіпкер Бахт Ниязовтың үстінен түсірген шағымы бойынша алдын ала сот тыңдауы өтті. Процеске екі тараптың заңды өкілдері мен бірнеше журналист қатысты. Істі судья Татьяна Черныш қарап жатыр.

"Ар-намысым мен іскерлік беделіме нұқсан келтірді" деген Мұсабаев кәсіпкерден 10 миллион теңге моральдық өтемақы талап еткен.

Жауапкер тараптың депутат шағымына берген түсінігіне қарағанда, кәсіпкер Ниязов 2013 жылы Алматыда тұрғын үй кешенін салмақ болады. Құрылыс ортасына келгенде серіктестері - ерлі-зайыпты Виктор Морозов пен Гүлнар Мұсабаева әрі қарай жұмыс істемегендіктен олардың олардың үлесін сатып алып, жобаға 300 миллион теңге құйып, құрылысты аяқтаған.

Бахт Ниязовтың сөзінше, 2016 жылы Ниязов олармен келісім-шартқа отырып, үлестерін сатып алған. "Келісімге қол қойылғанымен, Мұсабаевтың туыстары шартты қайта қарап, 2 миллион доллар талап етті" деп жазады кәсіпкер.

Ниязов берген түсінікке қарағанда, мұнан соң Мұсабаев Алматы әкімдігіне кәсіпкердің іскерлік беделі жайлы жалған деректер жазылған хат жолдаған. Депутат хатынан соң кәсіпкер "Нұр Отан" партиясы төрағасының орынбасары Мәулен Әшімбаевқа қайырылып, Мұсабаевтың әкімдікке жазған хатына баға беруін сұраған.

Жауапкер тараптың сөзінше, депутат Мұсабаев кәсіпкер Ниязовтың билік партиясына хат жазып, онысын әлеуметтік желіге жариялағанын "іскерлік беделіне нұқсан келтіру" санап, шағым түсірген.

Процестен кейін екі тараптың ешбірі Азаттық тілшісіне комментарий берген жоқ. Негізгі процесс 15 мамырға белгіленді.

  • 16x9 Image

    Мәншүк АСАУТАЙ

    1980 жылы туған. Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін бітірген.

    Қарағанды қаласындағы жергілікті телеарнада қызмет еткен. 2004 жылдан бері Азаттықтың тілшісі. 

    Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуге болады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG