Accessibility links

Тоқаев сөз сөйлеген Алматыдағы алаңға полиция азаматтарды тексеріп кіргізді


Республика сарайы алдындағы Абай алаңына полиция азаматтарды тексеріп кіргізіп жатыр. Алматы, 1 мамыр 2019 жыл.
Республика сарайы алдындағы Абай алаңына полиция азаматтарды тексеріп кіргізіп жатыр. Алматы, 1 мамыр 2019 жыл.

1 мамырда Алматыдағы Республика сарайы алдындағы Абай алаңы қоршауға алынып, ол жерге мерекелік шараны көруге келген адамдарды арнайы құралдардың көмегімен тексергеннен кейін ғана алаңға өткізіп жатыр. Полиция азаматтардың қолындағы сөмке-пакеттерін де тексеріп тұр.

Бүгін мұнда Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев сөз сөйлеген. Мемлекеттік басылымдар Тоқаевтың ел тұрғындарын 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесімен құттықтағанын хабарлады.

Әуелде алаңға кірмек болғандар полиция тексеруінен өту үшін кезек күтіп тұрып қалған еді, біраздан соң кезектегі адамдар қатары сиреді.

Айнала темір қоршау қойылған алаңды Ұлттық ұлан мен полиция қызметкерлері күзетіп тұр. Мерекелік концертті тамашалауға жүздеген адам жиналған.

БАҚ өкілдері кіретін арнаулы жерде тұрған мерекелік шараны ұйымдастырушылар "аккредитацияларың жоқ" деген уәжбен Азаттық тілшілерін алаңға кіргізбеді.

Бұған дейін Қазақстан Бас прокуратурасы әлеуметтік желілерде жұртты 1 мамыр күні шеруге шығуға шақырған ақпарат тарап жатқанын айтып, азаматтарға рұқсат етілмеген митингіге шыққандар жауапқа тартылатынын ескерткен.

Прокуратура 29 сәуірде жариялаған үндеуінде "Әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде 1 мамырда рұқсат етілмеген митингіге қатысуға шақыру жазбалары тарап жатыр. Мұндай акцияларға қатысқандардың әрекеті бейбiт жиындар мен митингiлерді ұйымдастыру және өткiзу тәртiбi туралы заңды бұзу деп танылады" деп жазылған.

Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жарлығымен 1996 жылдан бастап 1 мамыр елде мемлекеттік мереке ретінде демалыс күні болып жарияланған. Қазақстанды 30 жылға жуық басқарған Назарбаев биыл 19 наурызда кенеттен президенттіктен кетіп, сол сәтке дейін парламент сенаты төрағасы болған Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан президенті қызметін атқаруға кіріскен.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG