Accessibility links

Белгісіз біреу Азаттық тілшісінің камерасын тартып алып, күш қолданған


Жай киімдегі екі адам наразы азаматтардың бірін ұстап, әкетіп барады. Нұр-Сұлтан, 1 мамыр 2019 жыл.

Мамырдың 1-і күні Нұр-Сұлтан қаласында Азаттық тілшісі Сәния Тойкеннің телефонын белгісіз біреулер жұлып алды. Олар затын қайтаруды талап еткен тілшінің қолын қайырып, күш көрсеткен.

Қаладағы Кенесары ескерткіші маңын ондаған полиция қызметкері таңертеңнен бері бақылап, қоршап тұр. Журналист Сәния Тойкенді ол жерден шығарып жіберді.

Бұған дейін Қазақстан билігін сынап жүрген әрі Қазақстан соты шешімімен "экстремистік ұйым" деп танылып, елде тыйым салынған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысының лидері, қазір шетелде тұратын Мұхтар Әблязов жақтастарын алдағы кезектен тыс президент сайлауына бойкот жариялау үшін 1 мамырда Нұр-Сұлтанда дәл осы жерде бейбіт акция өткізуге шақырған еді.

Ал Есіл өзенінің оң жағалауындағы наразылық шарасы қазір де жалғасып жатыр. "Шындықтан қашып құтылмайсың" деп айқайлаған азаматтар 9 маусымда өтетін президент сайлауына бойкот жариялауға шақырған. Азаматтар парламент өкілетін күшейтіп, елде әділ сайлау өткізуді талап етті.

Наразылар жиналған жерде жүрген Азаттық тілшісінің хабарлауынша, билікке талап қойғандарды таратуға тырысқан полиция қызметкерлері оларға қарсы резеңке таяқ қолданған.

Бұған дейін Сәния Тойкен Нұр-Сұлтанда белсенді Іңкәр Тыштыбаеваның ұсталғанын, аудандық полиция бөлімшесінде отырғанын хабарлаған.

Белсенді бүгін таңертең Facebook-та тікелей трансляция жасап, полицияның өзін ұстаған сәтінен видео жариялаған.

Өзін полиция сержанты деп таныстырған азамат Тыштыбаеваға оны бөлімшеге алып бару туралы қаулыны көрсетіп, белсенді өз еркімен барудан бас тартқан жағдайда күшпен жеткіземіз деп ескерткен.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG