Accessibility links

Нұр-Сұлтандағы наразылыққа қатысқан екі азаматты бес күнге қамады


Наразылық шарасына шыққандарды полиция қызметкерлері ұстап жатыр. Алматы, 1 мамыр 2019 жыл.
Наразылық шарасына шыққандарды полиция қызметкерлері ұстап жатыр. Алматы, 1 мамыр 2019 жыл.

Мамырдың 1-нен 2-сіне қараған түні Астана қалалық әкімшілік соты Есіл жағалауындағы наразылық шарасына қатысқан ондаған адамды әкімшілік жауапқа тартты. Олардың арасында Алтынбек Орынтайұлы, Әлімжан Ізбасаров және Бибігүл Тұяқова да болған.

Адвокат Бауыржан Азановтың айтуынша, судья Ахметкалиев “құқық қорғау орган өкіліне бағынбады” (667-бап 1 тармағы Әкімшілік кодекс) деп айыпталған Алтынбек Орынтайұлы пен Əлімжан Ізбасаровты бес тәулікке қамау туралы сот шешімін шығарған.

Ал Бибігүл Тұяқованың сот залында денсаулығы нашарлап, жедел жәрдем шақыртқандықтан оның соты бүгін, 2 мамырға қалдырылған. Адвокат Бауыржан Азановтың айтуынша, әкімшілік жазаға тартылған азаматтардың көбіне “құқық қорғау орган өкіліне бағынбады” деген айып тағылған. Сотта шерушілердің прокурор тарауды сұрағанда кетпей тұрып алғаны айтылған.

Қазір Нұр-Сұлтанда Бибігүл Тұяқова соты өтіп жатыр.

1 мамырда Қазақстанның бірнеше қаласында билікке қарсы наразылық шарасы өтті. Наразылар "Біздің өз таңдауымыз бар!", "Тоқаев біздің президент емес!", "Дариға спикер емес!", "Нұр-Сұлтан астанамыз емес!", "АЭС-ке қарсымыз!", "Халық пікірімен санасыңыздар", "Көп балалы аналарға жәрдем берілсін!", "Шындықтан қашып құтылмайсың!", "Шал, кет!" деп айқайлады.​

Ішкі істер министрлігі 1 мамырда Нұр-Сұлтан мен Алматыда шамамен 80 адамның ұсталғанын хабарлады. Алайда нақты қанша адамның әкімшілік жауапқа тартылғаны туралы дерек жоқ.

Адвокат Бауыржан Рақымжанов және өзге де белсенділер Азаттық тілшісіне Алматы әкімшілік сотында ұсталғандарды түнгі сағат бір-екіге дейін іс материалынсыз құр босқа ұстағанын айтты. Тұрсынкүл Жоланова есімді алматылық азаматтың құқығын сотта қорғаған адвокат Гүлнар Жуаспаева соттың түнгі 1-де басталғанын, "аудармашы қажеттілігіне байланысты" отырыстың 2 мамырға қалғанын хабарлады.

Нұр-Сұлтан қалалық полиция департаментінің баспасөз хатшысы София Қылышбекқызы бұл бойынша "ішкі істер министрлігіне хабарласуды" өтінді. Ал ішкі істер министрлігінің баспасөз хатшысы Нұрділдә Ораз сотқа сілтеді.

Нұр-Сұлтан және Алматы әкімшілік соты ұсталғандардың аты-жөнінсіз ақпарат бере алмайтынын айтты.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG