Accessibility links

Тоқаев: Жер еңбек етем деген азаматтар иелігінде болуы керек


Қазақстан халқы бірлігі күні мерекесінде сөйлеп тұрған президент Қасым-Жомарт Тоқаев. Алматы, 1 мамыр 2019 жыл.
Қазақстан халқы бірлігі күні мерекесінде сөйлеп тұрған президент Қасым-Жомарт Тоқаев. Алматы, 1 мамыр 2019 жыл.

2 мамырда Алматы облысының орталығы Талдықорған қаласына барған Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев сапары барысында жерді тиімді пайдалану мен жер телімдерін үлестіру мәселесі туралы айтқан.

"Жер еңбек етем деген азаматтардың иелігінде болуы керек. Сондықтан әкімдіктер екі мәселені шешіп алсын. Біріншіден, жер телімдерін үлестіруде ашықтықты қамтамасыз етуі керек. Екіншіден, жер ресурстарының тиімді пайдаланылуын қатаң қадағалау қажет" деп мемлекеттік БАҚ Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөзінен үзінді келтірген.

Президент жер мәселесінен бөлек аймақтағы жолдардың 20 пайызынан астамы нашар екенін айтып сынаған. Жергілікті ақпарат агенттіктерінің хабарлауынша, президент бүгін қаладағы "Салтанат" сарайында тұрғындармен кездескен. Оның Twitter-дегі парақшасында кейбір азаматтар өздерін президентпен кездесуге кіргізбегенін айтып шағымданған.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев мамырдың 1-і күні Алматыда болған кезде бір мезетте қалада жүзден астам азамат билікке талап айтып, наразылық шарасын өткізді. Кейбір қолданушылар Twitter-дегі парақшасында Алматы мен Нұр-Сұлтан қаласындағы наразылық шаралары туралы сұрақ қойған.

2 мамырда полиция олардың үстінен хаттама толтырып, әкімшілік жазаға тартты.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG