Accessibility links

Нидерланд пен АҚШ-та қазақстандық белсенділерді қолдау акциясы өтті


Белсенділер Әсия Төлесова және Бейбарыс Толымбеков "Шындықтан қашып құтылмайсың" деген жазуы бар баннер ұстап тұр. Алматы, 21 сәуір 2019 жыл.
Белсенділер Әсия Төлесова және Бейбарыс Толымбеков "Шындықтан қашып құтылмайсың" деген жазуы бар баннер ұстап тұр. Алматы, 21 сәуір 2019 жыл.

2 мамырда Нидерландтың Гаага қаласындағы Қазақстан елшілігі алдында бірнеше азамат өткен айда Алматыда "Шындықтан қашып құтылмайсың" деген баннер ілгені үшін қамалған қазақстандық белсенілер Әсия Төлесова мен Бейбарыс Толымбековті қолдап акция өткізді.

Әлеуметтік желіде жарияланған суреттерде бес азаматтың елшілік қасында "Шындықтан қашып құтылмайсың", "#менде таңдау бар", "adilsailayushin" деген жазуы бар баннермен тұрғаны көрінеді.

Жастар ұстап тұрған плакаттарда Қазақстан Конституциясының "Мемлекеттік биліктің қайнар көзi - халық" деген бабы және қамаудағы Әсия Төлесова мен Бейбарыс Толымбековті босату туралы талап та жазылған.

1 мамырда Нью-Йорктегі "Таймс-сквер" алаңында да "Шындықтан қашып құтылмайсың" акциясы өтіп, оған шамамен жиырмаға жуық адам қатысқан.

Сәуір айының аяғында Қазақстан студенттері Чехия, Франция, Ұлыбритания мен Венгриядағы Қазақстан елшіліктері алдында осыған ұқсас қолдау акциясын өткізді. Мұндай қолдау шаралары Канада мен Италияда да болған. "Шындықтан қашып құтылмайсың" деген баннер Лондондағы марафон кезінде жол бойынан көрінген. Жуырда бірнеше адам қатысқан қолдау акциясы Мәскеуде де өтті.

21 сәуірде Алматыда марафон кезінде "Шындықтан қашып құтылмайсың" деген жазуы бар баннер ілгені үшін белсенді Әсия Төлесова мен Бейбарыс Толымбековті сот 15 тәулікке қамап, шараны түсірген тағы үш азаматқа "бейбіт жиын өткізу ережесін бұзды" деп айыппұл салған.

Төлесова мен Толымбеков қамалған күннің ертесіне Алматыда отыз шақты адам қалалық сот ғимараты алдына келіп, қамаудағы белсенділерді босатуды талап етті. Әлеуметтік желі қолданушылары да жастардың ұсталуын айыптап, интернетте қолдау көрсетті. Қазақстан ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев жастардың "марафон өткізуге кедергі жасағанын" айтты.

29 сәуірде Алматы соты белсенді Роман Захаровты қаладағы Достық пен Әл-Фараби даңғылдарының қиылысында Қазақстан Конституциясының "Мемлекеттік биліктің қайнар көзi - халық" деген бабы жазылған баннер ілгені үшін бес тәулікке қамауға шешім шығарған. Кейін апелляциялық сот алқасы әкімшілік қамау жазасын айыппұлмен (5 АЕК немесе 12 625 теңге) ауыстырды. Захаровқа "ұзақ бұзақылық жасау" бабы бойынша айып таққан полиция оны "қоғамдық орынды ластағаны" үшін жауапқа тартқанын айтты.

1 мамырда Қазақстанның бірнеше қаласында билікке қарсы наразылық шарасы өтті. Наразылар "Біздің өз таңдауымыз бар!", "Тоқаев біздің президент емес!", "Дариға спикер емес!", "Нұр-Сұлтан астанамыз емес!", "АЭС-ке қарсымыз!", "Халық пікірімен санасыңыздар", "Көп балалы аналарға жәрдем берілсін!", "Шындықтан қашып құтылмайсың!", "Шал, кет!" деп айқайлады.​

Ішкі істер министрлігі 1 мамырда Нұр-Сұлтан мен Алматыда шамамен 80 адамның ұсталғанын хабарлады. 2 мамырдан бері Алматы мен Нұр-Сұлтанда наразылыққа шыққан азаматтарды әкімшілік жазаға тартып жатыр.


ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG