Accessibility links

Түркістан соты "мектепте бопса жасаған" оқушының үкімін өзгеріссіз қалдырды


Шымкенттегі Түркістан облыстық кәмелетке толмағандар істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты (Көрнекі сурет).
Шымкенттегі Түркістан облыстық кәмелетке толмағандар істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты (Көрнекі сурет).

2 мамырда Түркістан облыстық соты "қорқыту" және "өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу" бабымен үш жылға сотталған мектеп оқушысы Нұрбек Тұрсынxанның үкімін қайта қарап, өзгеріссіз қалдырған. Бұл ақпаратты Азаттық тілшісіне жәбірленуші жақ - өткен жылы суицидтен қайтыс болған оқушы Ерсұлтан Ахметовтің әпкесі Ұлжан Ақылбекова хабарлады. Үкімнің апелляциялық инстанцияда қаралғанын Түркістан облыстық сотының баспасөз қызметі де растады.

Апелляциялық отырысқа жәбірленуші жақтың шағымы негіз болған. "Шынайы кінәлілердің жазаланбай отырғанын" көптен бері айтып келе жатқан жәбірленуші тарап айыпталушының кінәсін дәлелдейтін айғақтар алғашқы инстанциядағы сот процестерінде көрсетілмегенін айтып, соттан істі қайта тергеуге жіберуді сұраған. "Тұрсынханның кінәсі жоқ" деп санайтын жәбірленуші жақ Ахметовтің өліміне басқа бірнеше оқушының қатысуы болуы мүмкін деп болжайды.

Түркістан облыстық сотының баспасөз қызметі үкім өзгеріссіз қалғанмен соттың "жәбірленуші деп танылған төрт оқушының қылмыстық іске қатысы бар-жоғын тексеруді" Шымкент қалалық прокуратурасы мен полиция департаментіне тапсырғанын айтты. Сот "қалалық білім басқармасы басшысына, оқиғаға қатысы бар кінәлі адамдарға және қалалық полиция департаментіне қылмыстың алдын алмаған полицейлерге шара қолдану" туралы қаулы шығарған.

25 қаңтарда Түркістан облыстық кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты "қорқыту" және "өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу" бабы бойынша айыпталған Шымкент қаласы Қаратау ауданы Қайнарбұлақ шағын ауданындағы 83-мектептің оқушысы Нұрбек Тұрсынханды үш жылға соттаған.

Оны 2018 жылдың ақпан айында үйінде өз-өзіне қол жұмсап, қайтыс болған мектеп оқушысы Ерсұлтан Ахметовті "өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізді" және өзі оқыған мектептің "жиырма шақты оқушысына қысым көрсетіп, ақша бопсалаған" деп айыптады. Бұған дейін қорғау тарабының да сотқа апелляциялық шағым түсіретіні хабарланған. Әзірге бұл жөнінде Азаттық тілшісі ақпарат ала алмады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG