Accessibility links

ОСК Сәді-Бек Түгелді президенттікке кандидат ретінде тіркеді


Сәді-Бек Түгел. (Сурет оның Facebook парақшасынан алынды.)
Сәді-Бек Түгел. (Сурет оның Facebook парақшасынан алынды.)

3 мамырда Орталық сайлау комиссиясы (ОСК) Сәді-Бек Түгелді Қазақстан президенттігіне кандидат ретінде тіркеу туралы қаулы қабылдаған. Бұл туралы ақпаратты ОСК баспасөз қызметі хабарлады.

"Орталық сайлау комиссиясы Ұлы дала қырандары" республикалық қоғамдық бірлестігінің тең төрағасы Сәді-Бек Түгелді Қазақстан республикасының президенттігіне кандидат ретінде тіркеді" делінген хабарламада.

64 жастағы Сәді-Бек Түгелді биыл 9 маусымда өтетін Қазақстан президентінің кезектен тыс сайлауына "Ұлы дала қырандары" республикалық қозғалысы президенттікке кандидат ретінде ұсынған.

Бұған дейін жұма күні ОСК Қазақстанның қазіргі президенті Қасым-Жомарт Тоқаевты президенттікке кандидат ретінде тіркеген. Тоқаев сайлауға биліктегі "Нұр Отан" партиясы атынан түсті.

Биылғы ерте сайлауға елдегі саяси партиялар мен қоғамдық бірлестіктерден барлығы 9 үміткер ұсынылған еді. Қазақстан құрылысшылары одағы ұсынған Талғат Ерғалиев кейін құжаттарын қайтарып алды. "Халық демографиясы" ұйымының үміткері Жұматай Әлиев тіл сынағынан өте алмады.

Ал Амангелді Таспихов (Қазақстан кәсіподақтар федерациясы), ​Дания Еспаева ("Ақ жол" партиясы), ​Төлеутай Рақымбеков ("Ауыл" партиясы),​Жамбыл Ахметбеков (Қазақстан коммунистік халық партиясы) және ​Әміржан Қосанов ("Ұлт тағдыры" қозғалысы) тіл сынағын тапсырып, сайлаушылардан қол жинауға рұқсат алған.

Кезектен тыс президент сайлауына кандидат тіркеу 11 мамырда аяқталады.

Қазақстанда 30 жылға жуық билік құрған Назарбаев 19 наурызда кенеттен президент қызметінен кететінін жариялап, сайлау өткенше Қасым-Жомарт Тоқаев президент болатынын айтқан. Тоқаев 20 наурызда ант беріп, президент қызметіне кіріскен.​ 9 сәуірде Тоқаев Қазақстанда биыл маусымның 9-ы күні кезектен тыс президент сайлауы өтетінін жариялаған.​

Қазақстандық кей оппозициялық ұйымдар ерте сайлауға бойкот жариялаған.

1 мамырда Алматы мен Нұр-Сұлтанда жүздеген адам наразылыққа шығып, биліктен әділ сайлау өткізуді талап етті. Олардың кейбірін кейін әкімшілік жазаға тартты.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG