Accessibility links

Қамалған белсенділерге қысым жасалғаны хабарланды


Әсия Төлесова және Бейбарыс Толымбеков сот залында тұр. 21 сәуір, 2018 жыл.
Әсия Төлесова және Бейбарыс Толымбеков сот залында тұр. 21 сәуір, 2018 жыл.

Алматыдағы марафон кезінде "Шындықтан қашып құтылмайсың" деген жазуы бар баннер ілгені үшін 15 күнге қамалған Әсия Төлесова мен Бейбарыс Толымбековке қамау орнында қоқан-лоқы жасап, күш көрсеткен. Бұл ақпаратты 4 мамырда Әсия Төлесованың жақындары хабарлады.

"Қазір адвокаты шықты. Бейбарысқа да, Әсияға да қоқан-лоқы жасап жатқаны анықталды. Әсия отырған камераға Толғанай есімді қызды кіргізген. Ол президенттің жиені екенін, оларға (Әсия, Бейбарыс - ЖЖ.) қарсы екенін айтып, саяси әңгімеге тартқан. Жұдырығын көрсетіп, төбелеске бейім екенін білдірген. Әсияны ішінен ұрған. Аштық акциясын жалғастырып жатқан Әсия өте әлсіз. Ол камерадан шығып, қайта кіргісі келмейтінін айтқан. Жаңағы қыз үнемі айқайлап сөйлеп, агрессия танытқан. Олар Әсияны қандай да бір тәртіп бұзуға итермелеп, тағы да сол жақта қалдырғысы келеді. Бұл өте қауіпті" деді 4 мамырда түстен кейін Әсия Төлесованың анасы Жанар Жандосова Азатық тілшісіне.

Ол Facebook желісінде Әсияның жазған хатының суретін де жариялап қойған.

Ол 4 мамырда Әсия Төлесованың адвокаты Жанар Балғабаевамен бірге Алматы қалалық прокуратурасына барып, шағым түсіретінін айтты.

"Ертең жексенбі. Жұмыс күні емес. Олар кез келген нәрсені жасай алады" деп алаңдайды Жанар Жандосова.

Жанар Жандосованың айтуынша, Әсия 4 мамырда әкімшілік жазаға тартылғандарға арналған арнайы қабылдау орнының басшысы Қахаров А.А есімді азаматтың атына шағым түсіріп, аталған камерада отырудың қауіпті екенін жазған.

​Азаттық тілшісі 4 мамырда түстен кейін Әсия Төлесова отырған әкімшілік жазаға тартылғандарға арналған арнайы қабылдау орынға хабарласып, Әсия Төлесованың жағдайын сұрады.

Өзін Арсен Марат деп таныстырған арнайы қабылдау орнының қызметкері Әсия Төлесованың сол жерде отырғанын растады. Бірақ нақты қанша адаммен отырғаны жайлы ақпаратты айта алмайтынын жеткізді. Ол Әсияның қабылдау орны басшысына шағым түсіргенін растап, басшылықтың оған бүгін жауап бергенін айтты. "Не деп жауап берді?" деген сұрағымызға Арсен Марат "айта алмаймыз" деп қысқа қайырды.

Әсия Төлесованың аштық акциясын жалғастырып жатқанын айтқан қызметкер "оның жағдайы бір қалыпты" деді.

"Күн сайын полиция департаментінің ауруханасынан терапевт келіп, күнде жағдайын қарайды. Жағдайы бір қалыпты жақсы. Әр үш сағат сайын оның қысымын тексереді" деді Арсен Марат.

Оның айтуынша, Бейбарыс Толымбековтен ешқандай шағым түспеген. "Оның жағдайы жақсы" деді.

Азаттық тілшісі Алматы қалалық прокуратурасына хабарласқанмен жауап ала алмады.

21 сәуірде Алматыда марафон кезінде "Шындықтан қашып құтылмайсың" деген жазуы бар баннер ілгені үшін белсенді Әсия Төлесова мен Бейбарыс Толымбековті сот 15 тәулікке қамаған еді.

Төлесова мен Толымбеков қамалған күннің ертесіне Алматыда отыз шақты адам қалалық сот ғимараты алдына келіп, қамаудағы белсенділерді босатуды талап етті. Әлеуметтік желі қолданушылары да жастардың ұсталуын айыптап, интернетте қолдау көрсетті. Ал Қазақстанның ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев жастардың "марафон өткізуге кедергі жасағанын" айтты.

Сәуір айының аяғында әлемнің түкпір-түкпірінде оқып жатқан Қазақстан студенттері Чехия, Франция, Ұлыбритания мен Венгриядағы Қазақстан елшіліктері алдында қамалған белсенділерді қолдау акциясын өткізді. Мұндай қолдау шаралары Канада, Италияда, Ресей, АҚШ-да өтті.

Халықаралық құқық қорғау ұйымдары - Freedom House, Amnesty International және БҰҰ-ның Адам құқығы бойынша Орталық Азиядағы кеңсесі Қазақстан билігін Әсия Төлесова мен Бейбарыс Толымбековті босатуға шақырған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG