Accessibility links

Адвокат: Әсия Төлесованы басқа камераға ауыстырды


Алматыдағы әкімшілік жазаға тартылғандарға арналған арнайы қабылдау орны. Көрнекі сурет.
Алматыдағы әкімшілік жазаға тартылғандарға арналған арнайы қабылдау орны. Көрнекі сурет.

Алматыдағы марафон кезінде "Шындықтан қашып құтылмайсың" деген жазуы бар баннер ілгені үшін 15 күнге қамалған Әсия Төлесованы "қоқан-лоқы туралы шағымнан" кейін басқа камераға ауыстырды. Бұл ақпаратты 4 мамырда кешке қарай белсендінің адвокаты Жанар Балғабаева Азаттық тілшісіне хабарлады.

Бұған дейін Төлесованың қамау орнында өзіне қоқан-лоқы жасап, күш көрсеткеніне шағымданғаны хабарланған еді. Оның әкімшілік жазаға тартылғандарға арналған арнайы қабылдау орнының басшысына және адвокатына жазған шағымының суретін анасы Жанар Жандосова 4 мамырда Facebook желісінде жариялаған.

Қызының денсаулығына алаңдаған Жанар Жандосованың айтуынша, онымен бір камерада отырған қыз Әсияның ішінен теуіп, қоқан-лоқы жасаған. Тәртіп бұзуға итермелеп, дөрекі сөйлесіп, айқайлаған.

Арнайы қабылдау орны Азаттық тілшісіне бұған дейін Әсия Төлесованың мекеме басшылығына шағым жазғанын растап, бірақ не деп жауап бергенін айтпаған еді. Мекеме өкілдері кешке қарай толық ақпарат алу үшін Алматы қалалық полиция департаментіне хабарласу қажеттігін айтты. Қалалық полиция департаменті әзірге жауап бермеді.

Алайда жергілікті Tengrinews агенттігі кешке қарай "Әсия Төлесованың соққыға жығылғаны және оны арандатпақ болды деген ақпарат шындыққа сәйкес келмейді" деген полиция департаментінің хабарламасын жариялады.

"Жүргізілген тексеру нәтижесі Төлесованың қамауда отыру шарттары бұзылмағанын, оның қысымға ұшырамағанын көрсетті. Оның денсаулығын дәрігерлер тұрақты бақылап отыр" делінген Алматы қалалық полиция департаментінің хабарламасында.

Онда Төлесованың қамауда отыруы жайлы "әрі қарай да күмәнді ақпарат таралмас үшін" ол басқа камераға ауыстырылды деп жазылған.

4 мамырда әлеуметтік желіде Әсия Төлесовадан бөлек белсенді Бейбарыс Толымбековке де "қысым жасалғаны" хабарланған. Бірақ адвокат Жанар Жандосованың айтуынша, белсенді Толымбековтің қамау жағдайына байланысты шағымы жоқ.

21 сәуірде Алматыда марафон кезінде "Шындықтан қашып құтылмайсың" деген жазуы бар баннер ілгені үшін белсенді Әсия Төлесова мен Бейбарыс Толымбековті сот 15 тәулікке қамаған еді.

Төлесова мен Толымбеков қамалған күннің ертесіне Алматыда отыз шақты адам қалалық сот ғимараты алдына келіп, қамаудағы белсенділерді босатуды талап етті. Әлеуметтік желі қолданушылары да жастардың ұсталуын айыптап, интернетте қолдау көрсетті. Ал Қазақстанның ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев жастардың "марафон өткізуге кедергі жасағанын" айтты.

Сәуір айының аяғында әлемнің түкпір-түкпірінде оқып жатқан Қазақстан студенттері Чехия, Франция, Ұлыбритания мен Венгриядағы Қазақстан елшіліктері алдында қамалған белсенділерді қолдау акциясын өткізді. Мұндай қолдау шаралары Канада, Италияда, Ресей, АҚШ-да өтті.

Халықаралық құқық қорғау ұйымдары - Freedom House, Amnesty International және БҰҰ-ның Адам құқығы бойынша Орталық Азиядағы кеңсесі Қазақстан билігін Әсия Төлесова мен Бейбарыс Толымбековті босатуға шақырған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG