Accessibility links

Нұр-Сұлтандағы наразылыққа қатысқан бірнеше адам он күнге қамалды


1 мамыр күнгі наразылық кезінде полицияның азаматтарды ұстау сәті.
1 мамыр күнгі наразылық кезінде полицияның азаматтарды ұстау сәті.

4 мамырда Астана қалалық мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты 1 мамыр күні наразылыққа шыққан Расул Досқараев, Жанар Аманғалиева және Асхат Смағұловты он тәулікке қамады. Бұл ақпаратты сот залынан Азаттық тілшісі хабарлады.

Үш азаматқа "бейбіт жиын өткізу тәртібін бұзу" (Әкімшілік кодекстің 488-бабы, 1-ші бөлімі ) бабы бойынша айып тағылған.

Азаттық тілшісінің хабарлауынша, Расул Досқараевтың адвокаты Асхат Оразаев сот процесінің басқа отырыспен қатар қойылуына байланысты судьядан процесті кейінге қалдыруды сұрағанмен судья өтінішіне құлақ аспаған. Осылайша Досқараевтың соты адвокатсыз өтіп, жауапкер он күнге қамауға жіберілген.

Сот бұған қоса наразылық шарасына қатысқан Нұр-Сұлтан тұрғыны Кәмила Бағжановаға 20 айлық есептік көрсеткіш (50 500 теңге) көлемінде айыппұл салған.

Бүгін сонымен бірге бұған дейін "667-бап бойынша" ("құқық қорғау орган өкіліне бағынбау") әкімшілік жазаға тартылып, бес күнге қамалған Серік Асқаров пен Әлімжан Ізбасаровтың үстінен қозғалған тағы бір іс ("бейбіт жиын өткізу тәртібін бұзу") қаралып, Асқаровқа бес тәулік қосылған. Ал Ізбасаровтың соты қазір жалғасып жатыр.

1 мамырда Қазақстанның бірнеше қаласында билікке қарсы наразылық шарасы өтті. Наразылар "Біздің өз таңдауымыз бар!", "Тоқаев біздің президент емес!", "Дариға спикер емес!", "Нұр-Сұлтан астанамыз емес!", "АЭС-ке қарсымыз!", "Халық пікірімен санасыңыздар", "Көп балалы аналарға жәрдем берілсін!", "Шындықтан қашып құтылмайсың!", "Шал, кет!" деп айқайлады.​

Ішкі істер министрлігі 1 мамырда Нұр-Сұлтан мен Алматыда шамамен 80 адамның ұсталғанын хабарлады. Алайда жалпы қанша адамның әкімшілік жауапқа тартылғаны туралы әзірге белгісіз.

Ұсталғандардың үстінен қозғалған әкімшілік істер әлі жалғасып жатыр. Азаттық тілшілері қазірге дейін 10-нан астам адамның жазаланғанын анықтады.

Оқи отырыңыз: Наразылықтан кейін қанша адам жазаланды?

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG