Accessibility links

Ресейде телефон нөмірі тіркелмеген азаматтар мессенджерлерде бұғатталады


Telegram бұғатталуына қарсы өткен наразылық акциясынан көрнекі сурет. Мәскеу, 30 сәуір 2018 жыл.
Telegram бұғатталуына қарсы өткен наразылық акциясынан көрнекі сурет. Мәскеу, 30 сәуір 2018 жыл.

5 мамырдан бастап Ресейде мессенджер қолданушыларын идентификациялау ережелері күшіне енді. Бұдан былай азаматтар желіні қолданбас бұрын, телефонның ұялы нөмірін растауы тиіс. Бұл үшін мессенджерлер ұялы байланыс операторларына абоненттің базада бар-жоғын тексеру үшін сұраныс жібереді. Операторлар 20 минут ішінде жауап береді.

Идентификация сәтті өтсе, ұялы байланыс операторларының базасына нөмір иесі нақты қандай қосымшаларда хат-хабар алмасатыны енгізіледі. Мессенджер сондай-ақ қолданушыға бірегей код береді.

Телефон нөмері операторлар базасында болмаса, мессенджер қолданушыны бұғаттап тастауы керек.

Ұялы телефон операторларының "үлкен төрттігі" - "МТС", "Билайн", "Мегафон", "Tele2" жаңа талапты орындауға дайын екендерін айтты. Facebook Messenger, WhatsApp, Instagram мен Viber өкілдері ережеге қатысты әзірге пікір білдірген жоқ.

Мессенджер қолданушыларын идентификациялаудың жаңа ережелерін былтыр жыл соңында Ресей үкіметінің басшысы Дмитрий Медведев енгізген. Одан бұрын Мәскеу мессенджерлерден төнетін террористік қатерге сілтеп, Telegram желісін бұғаттауға тырысқан.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG