Accessibility links

БАҚ: Оралда полиция алаңға жазуы жоқ плакатпен шыққан жігітті ұстады


Орал қаласы әкімдігі алдындағы алаң.
Орал қаласы әкімдігі алдындағы алаң.

6 мамырда Орал қаласы әкімдігінің қасындағы орталық алаңға ешқандай жазу жазылмаған плакат ұстап шыққан 24 жастағы жергілікті тұрғынды полиция қызметкерлері ұстап әкетті деп хабарлады "Уральская неделя" газеті. Басылым тілшілерінің хабарлауынша, Аслан Сагудинов есімді жергілікті тұрғын Қазақстанда сөз бостандығы жоқ екендігін осылайша дәлелдемекші болған.

"Қолымда жазу болмаса да, қандай да бір ұран айтпасам да қазір мені полицейлер ұстап әкетеді, себебі біз демократиялық елде тұрып жатқан жоқпыз" деген жас жігіт.

Басылым ақпараты бойынша, Сагудинов алаңда бес минуттан артық тұрып үлгермеген. Полиция қызметкерлері оны көлікке күштеп салып, алаңнан алып кеткен.

Полиция бөлімшесіне жеткізілген Сагудиновты біраз уақыттан кейін қоя берген. Оның айтуынша, полицияда оған түсіндірме жаздырған.

Өткен айда Алматыда марафон кезінде "Шындықтан қашып құтылмайсың #adilsailayushin #менің қалауым бар" деген сөздер жазылған баннерді жол бойына ілген жергілікті екі белсендіні полиция ұстаған. 21 сәуірде Алматының әкімшілік соты 34 жастағы Әсия Төлесова мен 20 жастағы Бейбарыс Толымбековті "митинг өткізу тәртібін бұзғаны" үшін 15 тәулікке қамауға шешім шығарған. 5 мамыр күні кешке екі белсенді қамаудан босап шықты. Бүгін Толымбековке әскер қатарына шақырылған азаматтар жиналатын орынға келуін талап еткен шақырту қағазын табыс еткен.

29 сәуірде арт-белсенді Роман Захаров Алматыдағы әл-Фараби даңғылы бойындағы көпірге Қазақстан Конституциясының "Мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы - халық" деген бабы жазылған баннер іліп, қамаудағы Төлесова мен Толымбековке қолдау білдірген. Әкімшілік сот Захаровты "ұсақ бұзақылық" жасағаны үшін 5 тәулікке қамау туралы шешім шығарған. Апелляциялық алқа қамау жазасын 5 айлық есептік көрсеткішке (12 625 теңге) тең айыппұлға өзгерткен.

Төлесова мен Толымбековті қолдау акциялары Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларында өтті. Чехия, Ұлыбритания, Канада, Қытай, Италия, Франция, Грузия, Венгрия және басқа елдерде тұрып жатқан қазақстандықтар қамаудағы белсенділерді қолдап акциялар өткізді.


ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG