Accessibility links

Мьянма билігі Reuters тілшілерін қамаудан босатты


Ва Лон мен Сое Оо түрмеден шығып келеді. Янгон, 7 мамыр 2019 жыл.
Ва Лон мен Сое Оо түрмеден шығып келеді. Янгон, 7 мамыр 2019 жыл.

Мьянма билігі мемлекеттік құпия туралы заң бұзды деп жеті жылға сотталған Reuters агенттігінің екі журналисі Ва Лон мен Сое Ооны түрмеден босатты. Мьянма президенті Вин Мьин екі тілшіге рақымшылық жасады. Түрмеден шыққан Ва Лон мен Сое Оо халықаралық ақпарат агенттіктеріне журналистік қызметтерін жалғастыра беретінін айтты.

Сот Reuters тілшілерін рохинджаларға қарсы операция туралы құпия құжаттарды жариялады деп айыптаған. Үкім былтыр қыркүйекте шыққан. Ал Reuters тілшілері 2017 жылы желтоқсанда ұсталып, түрмеге қамалған. Журналистер түрмеде 500 күндей отырып шықты.

Ва Лон мен Сое Оо Ракхайнның солтүстігінде он мұсылманның өліміне әскерилердің қатысы бар-жоғын зерттеп жүрген. Мақала журналистер қамауға алынған соң жарияланды. Зерттеуде әскерилердің бейбіт тұрғындар өліміне қатысы барын айғақтайтын деректер келтірілген. Мақалаға Пулитцер сыйлығы берілді.

Журналистер өздеріне тағылған айыпты жоққа шығарып келген. Қорғаушылардың айтуынша, прокурорлар сотта журналистердің "құпия деректерді әдейі жинап, Мьянмаға дұшпан елдерге жібергенін" дәлелдей алмаған.

БҰҰ мен Еуропа одағы, бірнеше халықаралық ұйым Мьянма билігінен Ва Лон мен Сое Ооны босатуды талап еткен.

2017 жылдың соңынан бастап Мьянманың батысындағы Ракхайн штатында полиция мен армия полицияға шабуыл жасалғаны үшін әскери "кек алу акциясы" аясында жүздеген мұсылман рохинджаны қырғаны хабарланған. Содан бері 700 мыңға тарта рохинджа көрші Бангладешке және Бенгал түбегіндегі адам тұрмайтын аралға босып кеткен. Ақпарат агенттіктерінің хабарлауынша, олар содан бері босқындар лагерінде антисанитарлық жағдайда тұрып жатыр.

Мьянма билігі "терроризм" айыбымен жүзге жуық рохинджаны ұстаған. Мьянмадан бассауғалаған рохинджалар полиция мен әскерилердің мыңдаған адамды өлтіріп, елді мекендерді өртегенін, өздерін аяусыз жазалап, азаптағанын айтқан.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG