Accessibility links

Қарағандылықтар көлік тұрағын салу үшін ағаштарды кесуге қарсы шықты


Ағаштарды кесу мәселесін талқылау үшін шенеуніктермен кездесуге келген қарағандылықтар. 7 мамыр 2019 жыл.
Ағаштарды кесу мәселесін талқылау үшін шенеуніктермен кездесуге келген қарағандылықтар. 7 мамыр 2019 жыл.

Қарағандылық онға таяу белсенді 7 мамырда әкімдік өкілдерімен өткен кездесу кезінде биліктің ағаштарды "заңсыз" кесіп жатқанын айтты. Тәуелсіз эколог, "Қарағандылық Экомузей" қоғамдық бірлестігінің директоры Дмитрий Калмыков "Бірер күн бұрын әкімдікпен ағаштар мәселесінде бір мәмілеге келеміз деп келіскенбіз. Бүгін бір тоқтамға келеміз де осында жетсек, ондаған ағашты ендігі кесіп тастапты. Билік заңды елеп жатқан жоқ" деді.

Қазыбек ауданының әкімі қол қойған жоспарға қарағанда, орнына басқа ағаштар отырғызу талабымен 178 ағаш пен 43 тал-шілікті кесуге рұқсат берілген. Жергілікті билік кесілетін ағаштар саны бұдан аз дегенімен, нақты санын айта алмады.

Қарағанды қалалық көлік және автомобиль жолдары бөлімінің бастығы Әлібек Дүйсембеков даңғылды жөндеу жоспары мемлекеттік сараптамадан өткенін, тиісті қағаздар алынғанын айтты. Қарағанды әкімшілік полициясының өкілі "бұл аудан көлік тұрағына зәру" деді.

- Азаматтар көлігін жол бойына заңсыз қоймауы үшін, жол қауіпсіздігі үшін автотұрақ керек. Ағаштардың жартысы ауру, бұл мәселе де шешілуі тиіс, - дейді жобаның бас инжинері Татьяна Хропова.

Қарағандының оңтүстік-батысында кесілген ағаштар. 7 мамыр 2019 жыл.
Қарағандының оңтүстік-батысында кесілген ағаштар. 7 мамыр 2019 жыл.

​Экологтар, тұрғындар мен журналистер билік пен жоба өкілдерінен ресми құжат сұрады. Оларға 2017 жылғы қоғамдық тыңдаудан соң қабылданған ағаштарды кесуге рұқсат беретін қаулыны көрсетті. Билік жөндеуден өтіп жатқан аудандағы ауру ағаштар саны жазылған ресми сараптама құжатын көрсете алмады. Кейінірек әкімдік журналистерге "54 ауру ағаш барын" хабарлады.

Эколог Қалмықов "қалаға көлік тұрағы керегін, бірақ ағаштарды кесуге болмайтынын" айтады.

Бұл – Қарағандыдағы ағаштың жаппай оталуына тұрғындар мен белсенділер білдірген алғашқы наразылық емес. Биыл наурызда экобелсенділер Орталық саябақта теннис алаңдарын салу үшін ағаштарды кесуге қарсы шыққан. Артынша ағаштардың кесілмейтіні хабарланды. Сәуірде белсенділер Жеңіс саябағында жүзге таяу ағаштың оталғанын хабарлаған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG