Accessibility links

Шымкент соты “9 жасар қызды зорлаған" адамды 18 жылға соттады


Қанат Төлегеннің соты. Шымкент, 8 сәуір 2019 жыл.
Қанат Төлегеннің соты. Шымкент, 8 сәуір 2019 жыл.

Шымкенттегі қалалық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты "9 жасар қызды зорлады" деп айыпталған Қанат Төлегенді 18 жылға соттады. Үкім 8 мамырда шықты. Бұл туралы Азаттық тілшісі хабарлады.

Айыптау актісі бойынша, жұмыссыз, үйленбеген 20 жастағы Қанат Төлеген "Шымкент маңындағы Тоғыз ауылында үйірмеден үйіне қайтып келе жатқан 9 жасар қызды қараусыз қалған үйге апарып зорлаған"

Судья Әбинұр Қарабаев Қанат Төлегенді Қылмыстық кодекстің "Зорлау", "Сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттері" бабы бойынша кінәлі деп тапты. Сотталушы жазасын қылмыстық атқару жүйесінің барынша жоғары дәрежедегі түзеу мекемесінде өтеуі тиіс. Сот үкімі күшіне енген жоқ. Айыпталушының апелляциялық шағым түсіруге құқығы бар.

Сот процесі жәбірленуші кәмелет жасқа толмағандықтан және зорлау дерегі болғандықтан жабық өтті. Сотталушының адвокаты Данияр Сатаровтың Азаттыққа айтуынша, сот тергеуі кезінде айыпталушы тағылған айыпты мойындаған.

9 жасар қыздың ата-анасы үкім оқылған сот отырысына келмеді. Жәбірленушінің адвокаты Айман Омарова жазаның мерзімі аз деп есептейтінін, апелляциялық шағым түсіретінін айтты.

"Қыздың жағдайы өте ауыр. Жалғыз көшеге шыға алмай қалған. Әлі де дәрігерге қаралып жүр" дейді адвокат.

5 қаңтарда Шымкенттегі 9 жасар қызды зорлау қылмысына күдікті Алматы қаласының тұрғыны ұсталған. Шымкент қалалық прокуратурасы өткен жылы кәмелет жасына толмаған балаларға жасалатын жыныстық сипаттағы қылмыс саны күрт өскені туралы мәлімдеген. Прокуратураның ақпараты бойынша, Шымкентте 2017 жылы - 18, 2018 жылы 43 бала зорлау фактісі тіркелген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG