Accessibility links

Ақтөбеде монополияны реттеу департаменті қызметкерлерінің соты басталды


8 мамырда Ақтөбе қалалық соты табиғи монополияларды реттеу жөніндегі Ақтөбе облыстық департаментінің басшысы Гүлім Масина мен осы департаменттің бөлім басшысы Нұрлан Болатбаевтың ісін қарай бастады. Тергеу оларды "абайсызда ауыр зардаптарға әкеп соққан салғырттық" (Қылмыстық кодексітің 371-бабы, 2-бөлімі) жасады деп айыптап отыр.

Мемлекеттік айыптаушы Елубек Таласовтың сөзінше, шенеуніктердің салғырттығынан жергілікті монополист Ақтөбе жылу электр орталығы мен "Трансэнерго" акционерлік қоғамы жылу тарифін заңсыз қымбаттатып, 2018 жылы мемлекеттік мекемелерге 428 млн теңге шығын келтірген.

Ақтөбе қалалық сотының судьясы Сейфолла Тасымбетовтің сөзіне қарағанда, шенеуніктердің салғырттығынан 233 мекеме зардап шеккен. Соның бірі – полиция департаменті 2018 жылы жылу үшін 15 млн теңге, прокуратура 1 млн теңге артық төлеген. Ал Ақтөбедегі орта білім беретін мектептердің әрқайсына 1,5 млн теңгеден 3,5 млн теңгеге дейін шығын келген. Зардап шеккендерге арасында Казхром, АЗХС секілді ірі кәсіпорындар да бар.

Ақтөбе жылу электр орталығы тарифті қымбаттату туралы өтінішті табиғи монополияларды реттеу жөніндегі Ақтөбе облыстық департаментіне 2017 жылғы қазанда, "Трансэнерго" 2017 жылғы желтоқсанда тапсырады. Ақтөбе жылу электр орталығы департаментке Еуразиялық Даму банкімен жасалған кредиттік келісімшарт жобасын да ұсынады. Ол жобада жылу энергиясы жүйелеріне жөнделетіні, оған жұмсалатын қарызды Еуразиялық Даму банкі беретіндігі көрсетілген. Тергеу барысында Еуразиялық Даму банкі Ақтөбе жылу орталығына іс жүзінде ешқандай несие бермегені анықталған. Тергеу Ақтөбе жылу электр орталығын "банктен алмаған қарызын тарифке қосып жіберген" деп айыптап отыр.

Табиғи монополияларды реттеу жөніндегі Ақтөбе облыстық департаментінің басшысы Гүлім Масина мен осы департаменттің бөлім басшысы Нұрлан Болатбаев өздеріне тағылған айыппен келіспейді. Тергеу басында оларды "алаяқтық жасады" деп айыптаған, кейін "абайсызда ауыр зардаптарға әкеп соққан салғырттық жасады" деді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG