Accessibility links

Қазақстанда Азаттық сайты мен бірнеше портал бұғатталды


Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

Қазақстанда 9 мамырда таңертеңнен бері Азат Еуропа/Азаттық радиосының Қазақ қызметі мен бірнеше жергілікті сайт бұғатталып тұр. Бұғатталған сайттар арасында vlast.kz, holanews.kz, informburo.kz, exclusive.kz, time.kz, village.kz, lada.kz порталдары және "Уральская неделя" мен "Ақжайық" газеттерінің сайттары бар.

Қазақстандағы адам құқығы жөніндегі бюроның сайты да ашылмай тұр.

Азаттық Қазақстан ақпарат министрлігіне, Ұлттық қауіпсіздік комитетіне және "Қазақтелеком" компаниясына хабарласқанымен, байланысудың сәті түспеді.

Азаттық тілшісінің хабарлауынша, Шымкенттегі "Мәңгілік полк" шеруі өтіп жатқан алаңда интернет бұғатталған.

Алматылық құқық қорғау Бақытжан Төреғожина Facebook парақшасында интернеттің баяу жұмыс істей бастағанын жазды.

Бұғаттаулардан бұрын Қазақстан билігі азаматтарды 9 мамырда заңсыз митингіге шықпауға шақырып, қатысқандардың "қатаң жауапқа тартылатынын" ескерткен. Прокуратура үндеуі елде тыйым салынған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысының жетекшісі Мұхтар Әблязовтің қазақстандықтарды 9 мамырда митингіге шығуға шақыруынан соң жарияланды.

Қазақстандық қолданушылар көптен бері Facebook, Youtube, Telegram сияқты әлеуметтік желілерге кіру қиындағанын айтып, шағымданып келеді.

Биыл наурыз айының соңы мен мамыр айының басына дейін қолданушылар бұғаттаулар тоқтағанын жазған. Бұл кезде Қазақстанда елді отыз жылдай билеген Нұрсұлтан Назарбаев президенттіктен кетіп, орнына Қасым-Жомарт Тоқаев келген. Мамыр айының басында желі қолданушылары бұғаттау қайта басталғанын хабарлады.

Қазақстан билігінің оппоненті және елде "экстремистік ұйым" ретінде танылған "Қазақстанның демократиялық қозғалысын" құрған Мұхтар Әблязов пен оның жақтастары аталған желілер арқылы кешке тікелей эфирге шыға бастағаннан кейін мұндай шағымдар жиілейді.

13 наурызда АҚШ мемлекеттік департаменті жыл сайынғы әлем елдеріндегі адам құқықтарының жағдайын зерттеген есебін жариялаған. Мемлекеттік департаменттің есебінде "Қазақстанда саяси қудалау, цензура мен сайттарды бұғаттау, бейбіт митинг ұйымдастыруға тыйым сынды адам құқықтары мәселесі бар" деп жазылған.

Бұған дейін Қазақстан ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев министрліктің интернет шектеулерге қатысы жоғын айтып, "техникалық ақау болуы мүмкін" деген.

Қазақстанда 9 маусымда кезектен тыс президент сайлауы өтеді. 1 мамырда Алматы, Нұр-Сұлтан, Шымкент, Ақтөбе және Қарағандыда жүздеген адам наразылыққа шығып, биліктен әділ сайлау өткізуді талап етті. Олардың кейбірін кейін әкімшілік жазаға тартты.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG