Accessibility links

Тоқаев: Азаматтар бейбіт жиын өткізу үшін рұқсат алуы керек


Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 9 мамыр мерекесінде "Отан қорғаушылар" ескерткішіне гүл қойып жатыр. Нұр-Сұлтан, 9 мамыр 2019 жыл.
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 9 мамыр мерекесінде "Отан қорғаушылар" ескерткішіне гүл қойып жатыр. Нұр-Сұлтан, 9 мамыр 2019 жыл.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев заңсыз митингіге қатысқан азаматтардың жауапқа тартылатынын ескертті. Тоқаевтың мәлімдемесін Қазақстан президентінің баспасөз хатшысы Берік Құрманғали 8 мамырда жариялады.

"Мемлекеттік шенеуніктер де, құқық қорғау органдарының қызметкерлері де, барлығы да заңға бағынуы керек. Сондай-ақ заңды азаматтарымыз да сақтауы қажет. Заң бәріне бірдей. Қандай да бір сын заң аясында айтылуы тиіс. Адамдардың бейбіт жиыны да арнаулы рұқсатпен өтуі шарт" деді Тоқаев. Президент сөзін "елде заңдардың сақталатынын қатаң ескертемін" деп қорытындылайды.

Бұған дейін елде тыйым салынған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысы Қазақстанның бірнеше қаласында 9 мамыр күні "Мәңгілік полк" шеруімен қатар митингі өткізгелі жатқанын хабарлаған.

8 мамырда Қазақстан билігі азаматтарды 9 мамырда заңсыз митингіге шықпауға шақырып, қатысқандардың "қатаң жауапқа тартылатынын" ескерткен.

6 мамырда Қазақстан ішкі істер министрлігі 6-12 мамырда ішкі істер органдарының жеке құрамы күшейтілген жұмыс режиміне көшетінін хабарлаған. Министрлік қоғамдық тәртіпті бұзу, шаралардың өтуіне кедергі келтіру фактілері болса, полиция заңға сай жедел әрекет ететінін хабарлаған.

1 мамырда Қазақстанның бірнеше қаласында билікке қарсы наразылық шарасы өтті. Наразылар "Біздің өз таңдауымыз бар!", "Тоқаев біздің президент емес!", "Дариға спикер емес!", "Нұр-Сұлтан астанамыз емес!", "АЭС-ке қарсымыз!", "Халық пікірімен санасыңыздар", "Көп балалы аналарға жәрдем берілсін!", "Шындықтан қашып құтылмайсың!", "Шал, кет!" деп айқайлады. Ішкі істер министрлігі 1 мамырда Нұр-Сұлтан мен Алматыда шамамен 80 адамның ұсталғанын хабарлады. Алайда жалпы қанша адамның әкімшілік жауапқа тартылғаны туралы дерек жоқ. 2 мамырдан бері наразылыққа шыққан ондаған азамат әкімшілік жазаға тартылды.


ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG