Accessibility links

Нұр-Сұлтан мен Алматыда полиция бірнеше адамды ұстады


Полиция Жеңіс күні бірнеше адамды ұстады
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:59 0:00

Видео: Полиция адамдарды қалай ұстады?

9 мамырда Қазақстанның бірнеше қаласында полиция бақылауы күшейіп, Алматы мен Нұр-Сұлтанда бірнеше белсенді ұсталды.

Азаттық тілшісінің хабарлауынша, Алматыдағы "Астана" алаңында кем дегенде бес адам ұсталған. Оның арасында 1 мамыр кезінде ұсталып, сот 50 500 теңге (130 доллардай) айыппұл кескен жалғызілікті ана Тұрсынкүл Жоланова да бар.

Алматыда құқық қорғаушы Ерлан Қалиевті де үйінің алдынан ұстаған.

"Франс-Пресс" агенттігінің тілшісі Крис Риклтон өзінің Twitter парақшасында Алматыда үш адамды полицияның ұстағанына куә болғанын жазды.

Белсенді Аман Мұратұлын полиция астанадағы Талапкер ауылындағы үйінен алып кеткен. Бірнеше белсенді өздерінің үйлерін полиция қарауылдап тұрғанын хабарлады.

Астаналық Дулат Ағәділдің Азаттыққа айтуынша, белсенді үйінің маңын полиция қоршауға алған. Тағы бір белсенді Іңкәр Мұхаметханова үйіне полиция түн ортасында келгенін хабарлады. Белсендінің сөзінше, полицийлер өздерін жол-партульдік полиция қызметкерлері деп таныстырып, 102-ге түскен көмек сұрау хабарламасы бойынша келгенін айтқан.

Белсенді содан бері полицияның үйінің маңынан кетпегенін айтады. Олжас Ескеев есімді Нұр-Сұлтан тұрғыны да жұмысының алдын полиция торуылдап тұрғанын хабарлады.

9 мамырда таңертеңнен бастап Қазақстанда Facebook пен Instagram бұғатталып, YouTube жұмысы кідірген. WhatsApp-тың да блокталғаны хабарланды. 1 мамырдан бері Telegram ұдайы бұғатталып тұр. Ірі әлеуметтік желілерден Twitter ғана істеп тұр.

Қазақстан халқы 9 мамыр - Жеңіс күнін атап өтіп жатыр. Бұған дейін елде тыйым салынған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысы азаматтарды 9 мамыр күні митингіге шығуға шақырған.

Қазақстан билігі азаматтарды 9 мамырда заңсыз митингіге шықпауға шақырып, қатысқандардың "қатаң жауапқа тартылатынын" ескерткен. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев та бейбіт жиын өткізуге рұқсат алу қажетін айтқан.

Қазақстанда 9 маусымда кезектен тыс президент сайлауы өтеді. 1 мамырда Алматы, Нұр-Сұлтан, Шымкент, Ақтөбе және Қарағандыда жүздеген адам наразылыққа шығып, биліктен әділ сайлау өткізуді талап етті. Олардың кейбірін кейін әкімшілік жазаға тартты.


  • 16x9 Image

    Сәния ТОЙКЕН

    Сәния Тойкен Азаттық радиосында 2007 жылдан бері жұмыс істейді. ҚазҰУ-дің журналистика факультетін бітірген. Республикалық  "Қазақстан пионері", "Жас Алаш" газеттерінде тілші болған. Қазақстан Республикасы Жекешелендіру жөніндегі комитетінің баспасөз хатшысы қызметін атқарған. Атырау облыстық "Ақ Жайық" газетінде  тілші, қазақ редакциясының редакторы, Маңғыстау облысында шығатын "Не хабар?!" апталығының редакторы болып жұмыс істеген. 

    Сәния Тойкен 2017 жылы журналист әйелдердің халықаралық қоры (IWMF) тағайындаған "Журналистикадағы батылдығы үшін" сыйлығын иеленді. Ол - бұл беделді сыйлықты алған алғашқы қазақстандық журналист.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG