Accessibility links

Назарбаев 9 мамырда Мәскеудегі парадқа қатысты


Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаев (сол жақта), Ресей президенті Владимир Путин (ортада) және Ресей премьер-министрі Дмитрий Медведев. Мәскеу, Қызыл алаң, 9 мамыр 2019 жыл.
Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаев (сол жақта), Ресей президенті Владимир Путин (ортада) және Ресей премьер-министрі Дмитрий Медведев. Мәскеу, Қызыл алаң, 9 мамыр 2019 жыл.

Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаев Ресей президенті Владимир Путинмен бірге 9 мамырда Мәскеудің Қызыл алаңында өткен әскери парадқа қатысты. Бұл туралы Азаттықтың Орыс қызметі хабарлады.

Екінші дүниежүзілік соғыста нацистік Германияны тізе бүктірген бұрынғы Совет одағы жеңісінің 74 жылдығына арналған парадты Назарбаев Путинмен бірге мінберде тұрып тамашалаған.

Ресей президенті мерекелік шарада сөйлеген сөзінде Совет одағын "Еуропаны нацизм бұғауынан азат еткен негізгі құтқарушы" деп атады. Ол тылда еңбек еткен совет адамдары нацизмге қарсы "екінші майданда" күрескенін айтты. "Ресей әлемнің өзге елдеріндегі ардагерлерді де құрмет тұтады" деп мәлімдеді Путин.

Ресей қорғаныс министрлігінің мәліметінше, Мәскеудегі әскери парадқа 130 мың адам, 130 әскери техника қатысқан. Ауа райының қолайсыздығына байланысты биылғы парадқа әскери ұшақтар қатыспайды.

Бұған дейін Кремль баспасөз хатшысы Дмитрий Песков биыл Мәскеудегі парадқа шетелдік басшылардан ешкім қатыспайды деп мәлімдеген.

Қазақстанды отыз жылға жуық уақыт басқарған 78 жастағы Нұрсұлтан Назарбаев биыл 19 наурызда кенеттен президенттік қызметтен кетіп, орнына бұрынғы парламент сенатының төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевты қалдырған. 9 маусымда Қазақстанда кезектен тыс президент сайлауы өтеді. Ресми тіркелген жеті кандидаттың арасында Тоқаев та бар.

Жеңіс мейрамына арналған шаралар бүгін Қазақстан қалаларында да өтті. Тоқаев пен үкімет мүшелері, парламент палаталарының жетекшілері Нұр-Сұлтандағы "Отан қорғаушылар" монументіне гүл қойды.

Бұл күні Қазақстанда бірқатар вебсайттар мен әлеуметтік желі бұғатталып, кей белсенділерді полиция ұстады.

Оқи отырыңыз: Жеңіс күні белсенділерді ұстап, интернетті бұғаттады

Бұған дейін елде тыйым салынған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысы жақтастарын 9 мамырда бейбіт шеруге шығуға шақырған.

Сәрсенбі күні Қазақстан прокуратурасы 9 мамырда рұқсат етілмеген митингіге қатысқандардың "қатаң жауапқа тартылатынын" ескертті. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев та бейбіт жиын өткізуге рұқсат алу қажетін айтқан.


ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG