Accessibility links

Тәліптер Кабулдағы халықаралық ұйымға шабуылдап, тоғыз адам қаза тапты


Ауған күштері шабуыл жасалған ғимарат маңында жүр. Кабул, 9 мамыр 2019 жыл.
Ауған күштері шабуыл жасалған ғимарат маңында жүр. Кабул, 9 мамыр 2019 жыл.

8 мамырда Ауғанстан астанасы Кабулда халықаралық ұйым ғимаратына тәліптер шабуыл жасап, кем дегенде тоғыз адам қаза тапты. 25 адам жарақат алған. Бұл туралы ауған билігі хабарлады. Кабулдың дерегінше, құрбандардың бесеуі – полицей, үшеуі – бейбіт тұрғын, бірі – күзетші.

Содырлар шабуылды АҚШ-тың халықаралық даму агенттігімен (USAID) бірлесе жұмыс істейтін Counterpart International коммерциялық емес ұйымының ғимаратына жасаған.

Ауғанстан ішкі істер министрлігінің баспасөз хатшысы Нусрат Рахимидің Азаттыққа айтуынша, Counterpart International кеңсесінде 8 мамыр күні таңертең алдымен жарылыс болып, артынша қаруланған бес адам ғимаратқа басып кірген. Алты сағаттай уақытқа жуық атыстан соң ауған күштері тәліп содырларын өлтірген.

Ауған билігі жарылыс маңындағы 200-дей адамның қауіпсіз жерге көшірілгенін хабарлады. Жарылыстан жүздеген метр жердегі ғимараттардың да терезесі шағылған.

"Талибан" мен үкімет әскері арасындағы қақтығыс 18 жылдан бері жалғасып келеді. Тәліптер қазір Ауғанстан аумағының жартысын бақылауда ұстап отыр. Әлем елдерінің басым бөлігі "Талибанды" террорлық ұйым деп таныған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG