Accessibility links

Порошенко Майдандағы азаматтардың өліміне байланысты прокуратурада жауап берді


Петр Порошенко.
Петр Порошенко.

Петр Порошенко 2014 жылғы Майдан кезінде қаза тапқан азаматтардың өлімін зерттеу ісі бойынша Украина бас прокуратурасының сұрақтарына жауап берді. Бұл ақпаратты Порошенко 10 мамырда Facebook-тағы парақшасында жазды.

Ол жазбасында нақты қандай сұрақтарға жауап бергенін ашып айтпаған, бірақ берген жауаптары тергеу амалдарына септесіп, кінәлілердің жазаланатынына көмектесетін шығар деп үміт білдірген.

Порошенкодан Майдан оқиғасы бойынша бас прокуратурада сұрақ-жауап алынғанын бас прокуратураның арнайы зерттеулер басқармасының жетекшісі Сергей Гробатюк те жергілікті арналардың біріне хабарлады. Бірақ ол да тергеудің жай-жапсарына тоқталмады.

Бұған дейін бас прокуратура өкілдері тергеу органдарының Порошенкоға оның Еуромайдан кезінде көп алдында сөйлеген сөздері бойынша сұрақтар қоюды жоспарлап отырғанын хабарлаған еді.

2013 жылы 21 қарашада Украинада сол кездегі президент Виктор Януковичтің билігіне қарсы, бірнеше айға созылған наразылық акциялары басталды. Шеруге шыққандар биліктен Еуропа Одағымен әріптестік орнату туралы келісімге қол қоюын талап етті. 2014 жылы ақпанда билік ауысып, Виктор Янукович Ресейге қашып кетті. Шерушілер мен полицияның қақтығысынан 100-ден астам адам қаза тапты. Украинаның қазіргі билігі бұрынғы президент Виктор Януковичті шерушілерге оқ атқызды деп айыптайды.

Украинаның бас прокуратурасы 2013-2014 жылғы наразылықтар кезінде Киевте қаза тапқан азаматтардың өліміне байланысты қозғалған 89 қылмыстық іс бойынша тергеу амалдарын жалғастырып жатыр. "Майдан ісі" деген атпен белгілі істер бойынша әзірге бір адам сотталған. Сегіз адам ақталып шыққан немесе шартты жаза алған. Оған барлығы шамамен 10 мың куәгер, 200 күдікті тартылған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG