Accessibility links

Министрлік: АҚШ соты Қазақстанды сотқа берген компаниялардың шағымын қанағаттандырмады


АҚШ-тың федералдық соты. Көрнекі сурет.
АҚШ-тың федералдық соты. Көрнекі сурет.

Колумбия округының аймақтық соты (АҚШ) Қазақстанның энергетика министрлігі үстінен сотқа шағым түсірген америкалық Turan Petroleum, Inc., Energyfund, Inc. және Trustees for Trek Resources, Inc. компанияларының шағымын қанағаттандырмады деп хабарлады 13 мамырда Қазақстанның әділет министрлігі. Министрлік шағымның құнын 180 миллион доллардан астам сомаға бағалайды.

Шағымда компаниялар Қазақстандағы Арыс және Арал мұнай-газ кеніштерін игеру мен пайдалану бойынша концессия келісімінің бұзылғаны, АҚШ пен Қазақстан арасында жасалған келісім-шарттағы ынталандыру және инвестицияны бірігіп қорғау бойынша шағым иелерінің құқығы бұзылғаны, фидуциарлық міндеттемелердің орындалмауы, әділетсіз баю, фактілерді бұрмалау және немқұрайлық туралы жазған.

Law360 сайтына сілтеме жасаған Informburo.kz жаңалықтар агенттігінің хабарлауынша, Арал кенішін игеру және пайдалану бойынша жоба "инвесторлардың міндеттерін орындамауына байланысты" 2005 жылы тоқтатылған. Ал Арыс кеніші бойынша концессия келісімін Қазақстан екінші тараптың келісімінсіз 2010 жылы бұзған. Әуел баста бұл концессия 25 жыл күшінде болады және миллиард доллардан астам пайда әкеледі деген жоспар болған.

Әділет министрлігінің хабарлауынша, сот АҚШ-тың "Шетелдік тәуелсіз иммунитет туралы" заңына сүйене отырып "құзыреті болмағандықтан" шағымды қанағаттандырмаған. Сот үкімі 26 сәуірде шыққан. Компаниялар сотқа шағымды 2010 жылы түсірген.

Қазақстанда 2014 жылы мұнай және газ министрлігі, индустрия және жаңа технологиялар, қоршаған орта және су ресурстары министрліктері таратылып, олардың өкілеті жаңадан құрылған энергетика министрлігіне берілген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG