Accessibility links

Ақтөбеде сот алаяқтық бойынша айыпталған бір отбасындағы үш адамға үкім оқыды


Қалымбетов, Ізғалиевтерге сот үкімі оқылып жатқан сәт. Ақтөбе, 13 мамыр 2019.

13 мамыр күні Ақтөбе қалалық соты "аса ірі көлемде алаяқтық жасады" деп айыпталған Маркс Қалымбетов пен оның балалары Эмира, Темірлан Ізғалиевтерге үкім шығарды. Судья Теміржан Алданов Маркс Қалымбетов пен оның қызы Эмира Ізғалиеваны ақтап, ұлы Темірлан Ізғалиевті 6 жыл 8 айға бас бостандығынан айырды.

Сот Темірлан Ізғалиевті 11 эпизодтың жетеуі бойынша кінәлі деп тапқан. Судья қалған төрт эпизод бойынша айыпталушының кінәсі дәлелденбегенін айтты.

"Ізғалиевке бұл эпизодтар бойынша жәбірленушілердің сөзі негізінде ғана айып тағылған. Тергеу сотқа заңды дәлел мен дәйек ұсына алмады" деді судья Теміржан Алданов.

Судья Теміржан Алданов сотталушы Темірлан Ізғалиев пен әкесі Маркс Қалымбетов, әпкесі Эмира Ізғалиеваның арасында "алдын ала сөз байласу болмаған" деп санайды. Сондықтан әкесі мен қызын ақтап шыққанын айтты.

Бұған дейін айыптау тарабы "Маркс Қалымбетов пен оның екі баласы 2017-2018 жылдар аралығында алаяқтық жасап, 11 адамға 500 миллион теңге материалдық залал келтірді" деген болатын. Тергеу материалдарына қарағанда, Маркс Қалымбетов пен оның балалары жәбірленушілерден "нарықтағы бағадан анағұрлым арзан бағаға ұялы телефондар әкеліп, бірлесе бизнес жасаймыз" деп ақша алған.

Сотта "Ізғалиевтің алаяқтығынан зардап шеккен" жеті жәбірленушінің өз қаржыларын азаматтық шағым жазу арқылы өндіріп алуларына болатыны айтылды. Әуел баста 500 миллион теңге делінген шығын мөлшері сот тергеуі барысында азайып, 200 миллион теңгеге жеткен.

Сотқа Темірлан Ізғалиевті қолдауға келген кейбір азаматтар үкім шыққаннан кейін "Біз оразамыз, ештеңе айтпаймыз! Бірақ құдай бәрін көріп тұр. Судьяны да, басқаларын да бір Аллаға тапсырдық" деп қабақ шытып бара жатты.

Сот залынан бостандыққа жіберілген Маркс Қалымбетов пен оның қызы Эмира Ізғалиеваның адвокаты Мұса Қуашев "судья әділ болды" деп санайды. Сот үкімі әлі күшіне енген жоқ.

  • 16x9 Image

    Жаңагүл ЖҮРСІН

    Жаңагүл Жүрсін - Азаттықтың Ақтөбе облысындағы тілшісі. Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе университетін бітірген. Еңбек жолын Ақтөбе облыстық телевидениесінен бастап, әр жылдары осы өңірдегі түрлі БАҚ-та тілші, редактор, бас редактор қызметін атқарған. Азаттықпен 2011 жылдан бері әріптес.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG