Accessibility links

Абаев: Қазақстан заңнамасында "блогер" деген түсінік жоқ


Қазақстан ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев.

Қазақстан ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев 14 мамырда өткен үкімет отырысынан соң президенттікке кандидаттарды әлеуметтік желіде насихаттау мәселесіне қатысты сұраққа жауап берді. Министр "қандай да бір кандидаттың пайдасына желіде үгіт-насихат жүргізуде мәселе көріп тұрған жоқпын" деді.

Бұған дейін Қазақстан орталық сайлау комиссиясының мүшесі Зәуреш Баймолдина "Елдегі блогерлер үгіт-насихат кезеңінде бұқаралық ақпарат құралдары сияқты президенттікке кандидаттарға тең мүмкіндік беріп, ақпарат таратуда бәріне бірдей қарау керек" деген.

Үкімет отырысынан соң бұған қатысты пікір білдірген Абаев "Кез келген азамат белгілі бір деңгейде азаматтық позициясын білдіре алады" деді.

- Қазақстан заңнамасында блогер деген түсінік жоғын қайталап айтам. Кез келген азамат заңға қайшы келмесе, азаматтық позициясын еркін білдіре алады. Орталық сайлау комиссиясымен ақылдасуымыз керек. Бірақ қиын болатын сияқты: кез келген азамат ойын үйінде отырып та білдіре алады. Бұл қалайша үгіт-насихат болады? Мұны мұқият қарастыру керек, - деді министр.

Абаевтың айтуынша, дауыс берушілер өздері қолдайтын кандидат пен оның платформасына қолдау көрсете алады.

- Бірақ "мына кандидатқа дауыс беріңіздер" деу үгіт-насихат болады, - деді ол.

Қазақстан заңнамасында әлеуметтік желілер БАҚ-қа теңестірілген.

Қазақстанда кезектен тыс президент сайлауы 9 маусымда өтеді. Бұл жолғы сайлау елді отыз жылға жуық басқарып, биыл наурызда Қазақстан президенті қызметінен кеткен Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуынсыз өткелі отыр. Орталық сайлау комиссиясы жеті адамды президенттікке кандидат ретінде тіркеген:

  • Сәді-Бек Түгел - "Ұлы дала қырандары" республикалық қозғалысы;
  • қазіргі президент Қасым-Жомарт Тоқаев - "Нұр Отан" партиясы;
  • Амангелді Таспихов - Қазақстан кәсіподақтар федерациясы;
  • Дания Еспаева - "Ақ жол" партиясы,
  • Төлеутай Рахымбеков - "Ауыл" партиясы;
  • Жамбыл Ахметбеков - "Қазақстан комунистік халық партиясы";
  • Әміржан Қосанов - "Ұлт тағдыры" қозғалысы.

11 мамырда елде сайлау алдындағы үгіт-насихат кезеңі басталды. Ол 8 маусымға дейін созылмақ.

  • 16x9 Image

    Әсемгүл МҰХИТҚЫЗЫ

    2004 жылы Павлодар мемлекеттік университетін журналистика мамандығы бойынша тәмамдаған. "КТК-7"  телеарнасында тілші  (2003-2005), "Қазақстан-Павлодар" облыстық телеарнасында редактор, шеф-редактор (2005-2013), "Астана" телеарнасы Павлодар облысындағы меншікті тілшісі (2013-2019) болып жұмыс істеген. 2019 жылдан бері Азаттықтың Нұр-Сұлтан қаласындағы тілшісі.  

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG