Accessibility links

Шымкенттік он шақты ана тұрмысына шағынып, Нұр-Сұлтанға келді


Әлеуметтік мәселелеріне шағынып, Қазақстан парламенті сенатының ғимараты алдына келген шымкенттік аналар. Нұр-Сұлтан, 21 мамыр 2019 жыл.

21 мамырда Нұр-Сұлтандағы парламент сенатының алдына бірі көп балалы, бірі мүгедек бала бағып отырған онға тарта ана баспана мен кредит мәселесіне шағынып келді. Олар Шымкенттен "әкім уәдесіне тойғандарын, ешбір көмек болмаған соң" астанаға келгендерін айтады.

Наразы аналар Нұр-Сұлтанға кеше келген. "Бұл қалада ешкіміміз жоқ" деген кейбір аналар мешітте түнеген. "Парламенттен біреу шығып, жауап бермейінші осында отыра береміз" дейді аналар.

Көп балалы ана, жол апатына түскеннен бері арбамен жүретін Нағима Өтенова 21 мың теңге жәрдемақыға ілінген. "Бірақ оны кредит өтеуі ретінде банк алып қойды" дейді ол.

- Төрт балам бар. Бірі мүгедек. Басымда кредитім бар. Жәрдемақы ретінде тиген 21 мың теңгені кредиттің өтеуі ретінде алып қойған. "Кредитімді төлеп берсін, жауып берсін" деп отырғаным жоқ, соны бір кестеге қойып берсе, мүмкіндігімше төлеймін. Шымкентте бармаған жеріміз қалмаған соң осында келіп отырмыз, - дейді ана.

Таңғы 10.00-ге таяу жиналған аналарға парламенттен ешкім шыққан жоқ. Сенаттың баспасөз қызметі "жиын өтіп жатқанын, аяқталған соң әлдекім шығатынын" айтты. Азаттық тілшісі 13.00-ге таман сенаттан бірнеше министр мен мемлекеттік қызметкер шыққанын, бірақ олардың жиналып тұрған аналарға қайырылмастан кетіп қалғанын хабарлады.

Сәлден соң Қазақстан әділет министрі Марат Бекетаев аналардың телефон нөмірін жазып алып, түстен кейін қабылдайтынын айтты.

4 ақпанға қараған түні Нұр-Сұлтанда бір отбасының бес баласы мерт болғаннан кейін, Қазақстанның бірнеше қаласында аналар жаппай наразылық танытты. Жыл басында Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев атаулы көмек алу талаптарына сай отбасындағы балаларға 21 мың теңгеден беру туралы заңға қол қойды. Мұнан соң Қазақстанның бірнеше қаласында аналар жәрдемақы алуға құжат өткізу қиындығына шағынған.


  • 16x9 Image

    Әсемгүл МҰХИТҚЫЗЫ

    2004 жылы Павлодар мемлекеттік университетін журналистика мамандығы бойынша тәмамдаған. "КТК-7"  телеарнасында тілші  (2003-2005), "Қазақстан-Павлодар" облыстық телеарнасында редактор, шеф-редактор (2005-2013), "Астана" телеарнасы Павлодар облысындағы меншікті тілшісі (2013-2019) болып жұмыс істеген. 2019 жылдан бері Азаттықтың Нұр-Сұлтан қаласындағы тілшісі.  

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG