Accessibility links

Нұр-Сұлтанда белсенділер бейбіт жиын өткізу құқығын талқылады


Жиналғандар қолдарына түрмеде отырған саяси тұтқындар суреттерін ұстап тұр. Нұр-Сұлтан, 21 мамыр 2019 жыл.
Жиналғандар қолдарына түрмеде отырған саяси тұтқындар суреттерін ұстап тұр. Нұр-Сұлтан, 21 мамыр 2019 жыл.

21 мамыр кешке Нұр-Сұлтанда мамыр айындағы стихиялық бейбіт шеру кезінде ұсталып, әкімшілік жазаға тартылған азаматтар елдегі адам құқығы ахуалын, бейбіт жиын өткізу құқығын талқылады. Кездесуде белсенділер полиция азаматтарды ұстағанда немесе қамап тастағанда не істеу қажеттігі туралы ойларын да ортаға салды.

Жиынға көп балалы аналар, бір жылға жуық уақыттан бері қамауда отырған астаналық белсенді Қайырлы Омардың жақтастары да қатысты. Жиын модераторы болған белсенді Жасұлан Ершай "Қазатомөнеркәсіп" ұлттық компаниясының бұрынғы президенті Мұхтар Жәкішевтің тұтқындалғанына дәл осы күні тура он жыл болғанын, жиынды осы күнге әдейі орайластырып ұйымдастырғанын айтты.

Жиында пікір білдіргендер қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде сөйледі. Оған Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы (ЕЫҚҰ) өкілдері де қатысты.

Жасұлан Ершайдың сөзінше, жиынды өткізу үшін екі мекенжай ауыстыруға тура келген. Оның айтуынша, әуелде келіскен зал иелерімен алдын ала келісім-шарт жасасып, оларға ақысын төлегенімен кейін олар айнып қалған. Сондықтан кездесуді жеке пәтерде өткізуге тура келген. Пәтердегі шкафта Мұхтар Жәкішев, Арон Атабек, Макс Боқаев, Ескендір Ерімбетов, Абловас Жұмаев, Кенжебек Әбішев, Алмат Жұмағұлов сияқты елдегі құқық қорғаушы ұйымдар "саяси тұтқын" деп таныған адамдардың суреттері ілініп тұрды.

Белсенділер Әлімжан ізбасаров, Жанар Аманғалиева, Бағдат Қанапиянов, Серік Асқаров, Жасұлан Ершай жеке пәтерде өткен кездесуде отыр. Нұр-Сұлтан, 21 мамыр 2019 жыл.
Белсенділер Әлімжан ізбасаров, Жанар Аманғалиева, Бағдат Қанапиянов, Серік Асқаров, Жасұлан Ершай жеке пәтерде өткен кездесуде отыр. Нұр-Сұлтан, 21 мамыр 2019 жыл.

1 мамырдағы бейбіт шеруден соң сот шешімімен 5-15 тәулік аралығында әкімшілік қамауда отырып шыққан Жанар Аманғалиева, ағайынды Бағдад пен Асхат Қанапияновтар, Әлімжан Ізбасаров, Руслан Досқараев, Ербол Есхожин, Ермекбол Тілеухан, Дидар Байжақұлов, Серік Асқаров және көп балалы аналар атынан келген Қанағат Шүменова сөйледі.

- Мен алаңға билікті төңкеріп тастаймын деп шыққаным жоқ. Көп балалы аналар мен жастардың артында бұғып қалғым келмеді. Сол үшін он тәулігімді жалғыз камерада өтеп шықтым. Ол үшін өкінбеймін. Тағы шығамын. Осы биліктің тайраңдауына менің құрдастарым мен алдыңғы аға буын кінәлі. Елім, енжар болма! Біз шынайы демократиялық мемлекетте өмір сүруге лайықпыз, - деді Жанар Аманғалиева.

Жиналғандар елде өздері қалағандай өзгеріс болуы үшін бірігу қажеттігін айтты. Олар "халықтың, көп балалы аналардың талабын орындауға ақша табылмағанымен белсенділерді аңдуға ақша табылып жатыр" деп билікті, полицияны сынады.

- Ең бастысы, 1 мамыр халықтың өз қорқынышын жеңген күн болды. Бастау жасалды. Біз, жастар, топтасуымыз керек. Сол кезде біздің қасымызға ата-анамыз да қосылады, - деді Әлімжан Ізбасаров.

Жиынның ресми бөлігінен соң белсенділер ауызашар жасап, бірігіп шай ішті. Сағат 23 шамасында тараған белсенділер подъезд аузында қарауылдап тұрған белгісіз адамдарды байқап қалып, бір-бірін үйлеріне шығарып салуды ұйғарды.

1 мамырда Қазақстанның бірнеше қаласында билікке қарсы наразылық шарасы өтті. Наразылар "Біздің өз таңдауымыз бар!", "Тоқаев менің президентім емес!", "Дариға [Назарбаева] спикерім емес!", "Нұр-Сұлтан астанам емес!", "АЭС-ке қарсымыз!", "Халық пікірімен санасыңыздар!", "Көп балалы аналарға жәрдем берілсін!", "Шындықтан қашып құтылмайсың!", "Шал, кет!" деп айқайлады.

Ішкі істер министрлігі 1 мамырда Нұр-Сұлтан мен Алматыда "елде тыйым салынған ұйымның ұранын айтып, полицияға бағынбаған" 80 адамның ұсталғанын хабарлады. Бірақ министрлік жалпы қанша адамның әкімшілік жауапқа тартылғаны туралы ақпарат таратпады.

Азаттық Нұр-Сұлтан мен Алматыда 20-ға жуық адамның жауапқа тартылғанын анықтады. Олардың кейбірі әкімшілік сот шешімімен 5-10 тәулікке қамалса, кейбіріне 50-100 мың теңге аралығында айыппұл салынды. Билік ұсталғандарға "рұқсат етілмеген митингіге қатысты" және "полицияға бағынбады" деген айып тақты.


ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG