Accessibility links

Досаев девальвация және ұлттық банкті көшіру жайлы айтты


Қазақстанның ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаев.

Ұлттық банк басшысы Ерболат Досаев қоғамда девальвация жайлы сыбыс көп екенін айтып, "оны әлеуметтік желі талқыласын" деді.

- Елде инфляциялық таргеттеу саясаты толық жүзеге асып жатыр және менің ойымша, төрт айдың қорытындысы біздің қажетті дәлізде тұрғанымызды көрсетті. Елдің ақша-несие саясаты тұрақты, валюталық саясаты тұрақты. Девальвация бола ма, болмай ма, бұл мәселені әлеуметтік желі талқыласын. Мен өз жұмысымды істеуім керек. Ұлттық банк өз саясаты арқылы азаматтардың сенімін қайта қалпына келтіреді, - деді 22 мамырда парламент мәжілісінің отырысынан кейін журналистердің сұрақтарына жауап берген Ерболат Досаев.

Ол бұған қоса, ұлттық банкті қайта құру мәселесіне байланысты сұрақтарға жауап берген. Оның айтуынша, жаңадан құрылатын қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің кеңсесі Алматыда орналасады. Ал ұлттық банктің бас кеңсесін Нұр-Сұлтанға көшіру жоспары бойынша жұмыс жүріп жатыр.

- Астанамыз пайда болғаннан кейін [ұлттық банкті] Астанаға, қазіргі Нұр-Сұлтанға ауыстыру мәселесі қозғалды. Сондықтан қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Алматыда орналасады деп айттым. Біз заң ("Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігін құру" туралы) қабылданғаннан кейін көшіруді жоспарлап отырмыз. Бізде арнайы жоспарлар бар. Егер көшіру керек болса, дұрыс көшіру керек. Қазіргі кезде ұлттық банк жұмыс жүргізіп жатыр. Дайын болғанда, хабарлаймыз, - деді Ерболат Досаев.

Наурыз айында Нұрсұлтан Назарбаев президент өкілетін мерзімінен бұрын тоқтатқан соң елде теңгенің құнсыздануы ара-тұра байқалған. Ұлттық банк төрағасы 20 наурыз күні бір доллар құны кейбір ақша айырбастау орындарында 387-390 теңгеге жеткенін айтқан еді. Ол бұған дейін "валюта нарығындағы жағдай 26 наурыздан бері тұрақты әрі одан кейін айтарлықтай өзгерген жоқ" деген.

Қазақстан 2015 жылы теңгені еркін айналымға жіберіп, валюта бағамын реттеп отырудан бас тартатқан. Бірақ одан бері де Ұлттық банк бірнеше рет интервенция жасап, валюта бағамын ұстап тұруға миллиондаған доллар қаражат жұмсаған.

  • 16x9 Image

    Әсемгүл МҰХИТҚЫЗЫ

    2004 жылы Павлодар мемлекеттік университетін журналистика мамандығы бойынша тәмамдаған. "КТК-7"  телеарнасында тілші  (2003-2005), "Қазақстан-Павлодар" облыстық телеарнасында редактор, шеф-редактор (2005-2013), "Астана" телеарнасы Павлодар облысындағы меншікті тілшісі (2013-2019) болып жұмыс істеген. 2019 жылдан бері Азаттықтың Нұр-Сұлтан қаласындағы тілшісі.  

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG