Accessibility links

АҚШ тағы да Башар Асадты химиялық қару қолданды деп айыптады


Сирияның Идлиб провинциясы. 20 мамыр 2019 жыл.
Сирияның Идлиб провинциясы. 20 мамыр 2019 жыл.

АҚШ Сирия президенті Башар Асадтың әскерін тағы да химиялық қару қолданды деп айыптады. Бұл ақпаратты АҚШ мемлекеттік департаментінің өкілі Морган Ортагус хабарлады.

Вашингтон дерегінше, үкімет күші 19 мамырда елдің солтүстік-батысындағы Идлиб провинциясына шабуыл жасаған. Дерек бойынша, шабуыл кезінде хлор толтырылған бомбалар қолданылған. Вашингтон егер бұл хабарламалар расталса, бұған "шұғыл және сәйкесінше" жауап беретінін мәлімдеді.

Мемлекеттік департамент өкілінің сөзінше, аурухана, мектеп, босқындар лагері және өзге де азаматтық нысандарға бомбалар түсіп, жарылған. Вашингтон "Башар Асадтың Идлиб тұрғындарына шабуыл жасауы бұған дейін жасалған атысты тоқтату туралы келісімді бұзады" деді.

2018 жылдың қыркүйек айында Ресей президенті Владимир Путин және Түркия басшысы Режеп Ердоған Идлибте қарусыздану аймағын құру туралы өзара келіскен. Сол кезде АҚШ президенті Дональд Трамп аймаққа жасалған кез келген шабуыл қақтығысты "ушықтырудың амалы" ретінде қарастырылады деп айтқан.

Химиялық қаруға тыйым салу бойынша жұмыс істейтін халықаралық ұйым бұған дейін Башар Асад әскерінің химиялық қару қолданғанын бірнеше рет мәлімдеген. Мәскеу мен Дамаскі қарулы ереуілшілердің өзі химиялық қару қолданды деп айыптайды. Вашингтон мұны жалған ақпарат деп санайды.

Сириядағы әскери қақтығыс Сирияда 2011 жылы наурызда үкіметке қарсы наразылықтың соңы биліктің басып-жаншуына ұласқан. Содан бергі наразылар мен билік әскері арасындағы қақтығыстан 400 мыңға жуық адам қаза тапқан. Қарулы жанжал кезінде Мәскеу мен Тегеран Асад режиміне қолдау танытып келеді. Жанжал кесірінен миллиондаған сириялық азамат үй-жайын тастап босып кетті. Соғыс кезінде көптеген тарихи ескерткіштер қирады. Түркия мен АҚШ Сириядағы әртүрлі көтерілісшілерді қолдайды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG