Accessibility links

Шымкентте жұмыспен қамту орталығына келген аналар жәрдемақы талап етті


Шымкент қалалық жұмыспен қамту орталығына шағым айтып келген аналар. Шымкент, 23 мамыр 2019 жыл.

23 мамырда Шымкент қалалық жұмыспен қамту орталығына келген жиырмаға жуық ана биыл сәуірде құжат тапсырғанымен, мемлекеттен берілетін 21 мың теңге жәрдемақыны әлі күтіп жүргендерін айтып шағымданды. Олардың кейбірі балаларын бірге алып келді.

Бес баланың анасы Диана Амалбекова жәрдемақы алуға қажетті құжаттарын 16 сәуірде тапсырғанын, мамыр айының басында беріледі деп хабарланған жәрдемақы әлі есепшотына түспегенін айтады.

"Ақша түсті ме, жоқ па деп шотымды күнде тексеремін. Жоқ. Бала-шағам үйде ауырып жатыр. Кім қарайды оларға? Кім дәрісін алып береді? Пәтерден пәтерге көшіп жүрміз. Бір тиыным жоқ" деп шағынды ол.

Орталық қызметкерінің "ақша бәріңізге заң аясында беріледі, (есепшотқа) түседі" деген жауабына қанағаттанбаған аналар "Қане түскені?", "Қашан түседі?", "Өтірік!" деп айғайлады. Қолдарында жәрдемақыға құжат тапсырғаны туралы анықтама мен комиссия шешімі бар аналарды орталық мамандары түс ауғанша кезекпен қабылдап, кеңес берді. Бірақ жәрдемақыны күтуден шаршағандарын айтқан аналар орталық өкілдерінің жауабына риза болмады.

"Екі айдың жәрдемақысын қосып береміз деп еді. Енді бір айдың ғана жәрдемақысын береміз деді. Ақша әлі түскен жоқ. Түскен күнде де 62 мың теңгені қалай жеткіземін? Екі балам бар. Үй-күйіміз жоқ. Пәтер жалдап тұрамыз" деді жалғызілікті ана Айсұлу Асанова.

Қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы басшысының орынбасары Алмас Бейсеев жәрдемақы алуға құжат тапсырған 27 мыңнан аса отбасының 25 мыңына тиісті ақша аударылғанын, қалған екі мың отбасыға жәрдемақы аудару жұмыстары жүріп жатқанын айтты.

Қазақстанда көп балалы аналарға берілетін әлеуметтік жәрдемақыны көбейту туралы талап ақпан айында Нұр-Сұлтанда (сол кездегі - Астана) бір отбасының бес баласы өрттен қаза тапқан соң жиі айтыла бастады. 27 ақпанда өткен "Нұр Отан" партиясының съезінде сол кездегі президент Нұрсұлтан Назарбаев әр балаға 21 мың теңге төленетінін мәлімдеп, кейін үкіметке жәрдемақыны сәуірден бастап беруді тапсырған. Бұл тапсырма негізінде парламент әзірлеген заңға қазіргі президент Қасым-Жомарт Тоқаев сәуірдің басында қол қойған. Сәуірдің соңында еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жағдайы төмен отбасылар жәрдемақы ала бастағанын хабарлаған.


  • 16x9 Image

    Дилара ИСА

    Дилара - Азаттықтың Шымкенттегі тілшісі. 1986 жылы туған. Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті мен Абай атындағы ҚазҰПУ-ді бітірген.

    "Жас Алаш" газетінде жұмыс істеген.

    Азаттықпен 2012 жылдан бері әріптес.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG