Accessibility links

"Астана су арнасы" төрт жұмысшысының қазасынан соң қылмыстық іс қозғалды


Нұр-Сұлтан қаласы.

Нұр-Сұлтан қалалық полиция департаменті 23 мамырда метаннан уланып қайтыс болған төрт жұмысшының қазасына байланысты қылмыстық іс қозғады. Бұл туралы inform.kz хабарлады.

"Қылмыстық кодекстің екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соққан еңбектi қорғау қағидаларын бұзу бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүріп жатыр. Сараптама тағайындалды. Қорытындысы бойынша процессуалдық шешім шығады" деп жазылған департамент хабарламасында.

23 мамырда Нұр-Сұлтанда "Астана су арнасы" мекемесінің төрт жұмысшысы метан газына уланып қайтыс болған. Қазақстан төтенше жағдайлар комитетінің хабарлауынша, мекеменің алты жұмысшысы қаладағы құдықтың бірінде жөндеу жұмыстарын жүргізген. Сол кезде біреуі есінен танып, құдыққа құлаған. Оны құтқармақ болған тағы үш жұмысшы газға құдық ішінде уланып қалған. Сыртта қалған екі адамның бірі ауруханаға түскен, жағдайы бірқалыпты.

"Қаза тапқандар 1988, 1993, 1995 және 1967 жылы туған. Күні бойы жұмыс істеген. Барлығында респиратор (улы газдан, шаң-тозаңнан тыныс жолдарын сақтап тұратын құрал - ред.) болған. Бірақ құдықтан денелерді шығарғанда респиратор болмады. Жұмыс аяқталған кезде оны шешіп тастаған сияқты. Респиратор болғанда аман қалар еді" деді төтенше жағдайлар комитетінің басшысы Владимир Беккер.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі оқиғаны тексеру үшін арнайы комиссия құрылғанын мәлімдеді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG