Accessibility links

Кандидаттар дебаты тікелей эфирде өтеді. Кімнің қатысатыны әлі белгісіз


Қазақстан президенттігіне кандидаттар Қасым-Жомарт Тоқаев пен Амангелді Таспиховтың сайлау жарнамалары ілінген жерден өтіп бара жатқан адам. Алматы, 14 мамыр 2019 жыл.
Қазақстан президенттігіне кандидаттар Қасым-Жомарт Тоқаев пен Амангелді Таспиховтың сайлау жарнамалары ілінген жерден өтіп бара жатқан адам. Алматы, 14 мамыр 2019 жыл.

29 мамыр күні мемлекеттік "Хабар" арнасында Қазақстан президенттігіне кандидаттар арасында теледебат тікелей эфирде өтеді. Бұл туралы Азаттыққа "Хабар" телеарнасы басқарма төрағасының орынбасары Ринат Кертаев айтты.

Кертаевтың сөзінше, дебатқа қанша кандидаттың қатысатыны әзірге белгісіз. "Кандидаттар штабынан ақпарат келгенін күтіп отырмыз" деді ол.

Теледебат туралы "Хабар" арнасы өзінің сайтына да ақпарат жариялады. Ресми дерек бойынша, теледебат үш раундқа бөлінген. Бірінші раундтың тақырыбы – "Қазақстанның экономикалық дамуының басымдықтары". Әуелі әрбір қатысушы өзінің сайлау алдындағы бағдарламасын таныстырып, сөз сөйлейді. Сосын қатысушылар өздерінің оппоненттеріне сұрақ-жауап түріндегі пікірсайыс сессиясы қарастырылған. Қатысушылар екі сұрақтан қойып, екі сұраққа жауап бере алады.

Екінші раундтың тақырыбы – "Қазақстанның әлеуметтік жаңғыруы". Екінші раундтың бірінші кезеңінде қатысушылар берілген тақырып бойынша сөз сөйлейді. Екінші турда жүргізушілер барлық қатысушыға бір сұрақ қояды.

Үшінші раундтың тақырыбы – "Сайлаушыларға сөз арнау". Соңғы раундта қатысушылар сайлаушыларға қарата сөз сөйлейді.

"Хабардың" ақпаратына қарағанда, теледебат астанадағы "Қазмедиа орталығы" медиакешенінде ұйымдастырылады. Дебатты мемлекеттік арналарда істейтін Ерлан Игісінов пен Қымбат Досжан жүргізеді.

Телеарна дебаттың қанша уақытқа созылатынын көрсетпеген.

Оқи отырыңыз: Жетеудің үшеуі дебатқа дайын. Қалғаны үнсіз

Теледебат өтетінін бұған дейін орталық сайлау комиссиясы хабарлаған. Комиссия үш кезеңнен тұратын теледебатқа бюджеттен 41 миллион теңге бөлінетінін айтқан. Теледебат 80 минутқа созылады.

Қазақстанда кезектен тыс президент сайлауы 9 маусымда өтеді. Бұл жолғы сайлау елді отыз жылға жуық басқарып, биыл наурызда Қазақстан президенті қызметінен кеткен Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуынсыз өткелі отыр. Орталық сайлау комиссиясы жеті адамды президенттікке кандидат ретінде тіркеген:

  • Сәді-Бек Түгел - "Ұлы дала қырандары" республикалық қозғалысы;
  • қазіргі президент Қасым-Жомарт Тоқаев - "Нұр Отан" партиясы;
  • Амангелді Таспихов - Қазақстан кәсіподақтар федерациясы;
  • Дания Еспаева - "Ақ жол" партиясы,
  • Төлеутай Рахымбеков - "Ауыл" партиясы;
  • Жамбыл Ахметбеков - "Қазақстан комунистік халық партиясы";
  • Әміржан Қосанов - "Ұлт тағдыры" қозғалысы.

Мамырдың 11-і күні басталған елде сайлау алдындағы үгіт-насихат кезеңі басталды. Ол маусымның 8-іне дейін созылмақ.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG