Accessibility links

Зеленский Саакашвилиге Украина азаматтығын қайтарып берді


Михаил Саакашвили.
Михаил Саакашвили.

Украина президенті Владимир Зеленский Грузияның бұрынғы президенті Михаил Саакашвилиге Украина азаматтығынан қайтарып берді. Зеленский Саакашвилиді Украина азаматтығынан айырған жарлықтың күшін жойды. Бұл туралы Украина президентінің сайты хабарлады.

23 мамырда Саакашвили Зеленскийден өзіне Украина азаматтығын қайтарып беруді сұрап, хат жазған.

2004-2013 жылдары Грузияны басқарған реформатор Саакашвили 2015 жылы Украина азаматтығын қабылдап, Грузия азаматтығынан айырылған. Сол кезде оны Украинаның экс-президенті Петр Порошенко Одесса облысының губернаторы етіп тағайындаған. Саакшавили бұл қызметті аз уақыт атқарды да, 2016 жылғы қарашада үкіметті жемқорлықпен күресіне кедергі жасады деп айыптап, отставкаға кеткен. Содан кейін ол Порошенконы қатты сынай бастаған.

Петр Порошенко 2018 жылы шілдеде шетелде жүрген Саакашвилиді Украина азаматтығынан айырған. Порошенко билігі Саакашвилиді Януковичтің "қылмыстық тобына қатысы бар" және "Ресейдің Киевке қарсы арандату жоспарының бір бөлігі" деп айыптаған. Грузия президенті болып тұрған кезінде Ресеймен қарулы қақтығысты бастан өткерген Саакашвили бұл айыптауларды "абсурд" деп сипаттайды.

Украина азаматтығынан айырылған соң Михаил Саакашвили ресми түрде азаматтығы жоқ адам деп танылып, Нидерландта тұруға ықтияр хат алған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG