Accessibility links

БҰҰ: Солтүстік Корея азаматтары аман қалу үшін пара береді


Солтүстіккореялықтар мереке кезінде. Пхеньян, 17 желтоқсан 2017 жыл.
Солтүстіккореялықтар мереке кезінде. Пхеньян, 17 желтоқсан 2017 жыл.

Солтүстік Корея азаматтары азық пен тұрмыста қажет заттарды алу үшін пара береді. Бұл елдің мемлекет аппаратындағы жемқорлықтың өршіп кетуіне әкеліп соқтырды. Бұл туралы БҰҰ-ның жаңа баяндамасында айтылады.

Ұйым баянадаманы Солтүстік Кореядан Оңтүстік Кореяға өтіп кеткен 214 босқын мен Солтүстік Кореяға кіруге рұқсаты бар ұйымдардың ақпараттарын негізге алып дайындаған.

Баяндамада "1990 жылдардан соң қалыптасқан мемлекеттік жүйе жүздеген адамның өмірін қиып, азаматтардың қандай да бір кәсіппен айналысу мүмкіндігін шектеп, жеке шаруасы ашқандарға жазаны күшейтіп жіберді. Көлеңкелі экономикада сауда істеп, ақша табуға ұмтылғандарды полиция заңсыз ұстап, қоқан-лоққы көрсетеді. Мұндайда әсіресе әйелдерге қауіп көбірек" деп жазылған.

Ұйымның дерегінше, Солтүстік Кореядағы адам құқықтары өрескел бұзылады. "Ас-су, денсаулық сақтау, баспана, жұмыс істеу, еркін қатынау - адамның негізгі құқықтары. Бірақ Солтүстік Кореяда мұның бәрі азаматтардың мемлекеттік лауазымды тұлғаларды қаншалықты "сатып ала алғанына" байланысты" дейді БҰҰ Жоғарғы комиссары Мишель Бачелет.

Баяндамада Пхеньянның елдегі ахуалға 2006 жылы атомдық қаруды сынағаннан бері төрт рет күшейтілген санкцияларды кінәлайтыны айтылады. "Бірақ ел қаржы бөлу кезінде саны көп әскерге басымдық береді" дейді БҰҰ.

"2019 жылы дерекке қарағанда, Солтүстік Кореяда 10,9 миллионға жуық адам (халықтың 43 пайызы) тойып тамақ ішпейді, тағы сонша адам ауызсумен қамтылмаған. Адамдар мемлекет заңдарын айналып өтіп, жеке секторда емін-еркін жұмыс істеу үшін пара береді" дейді ұйым.

БҰҰ-ның Женевадағы штаб-пәтеріндегі Солтүстік Корея өкілдігі баяндаманың "саяси астары бар" деп санайды. Пхеньянның сөзінше, баяндамада айтылғандар - "өзіне назар аудартып, материалдық пайдаға кенелуді көздеген босқындардың өтірігі".

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG