Accessibility links

Назарбаев Еуразия жоғары экономикалық кеңесінің "құрметті төрағасы" болды


Нұрсұлтан Назарбаев.

29 мамырда Нұр-Сұлтанда өтіп жатқан Жоғары Еуразия экономикалық кеңесінің жиынында Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа кеңестің "Құрметті төрағасы" атағы берілді. Назарбаевқа мұндай атақ беруді Ресей президенті Владимир Путин ұсынған.

Еуразиялық интеграция идеясының 25 жылдығына және Еуразия экономикалық одақ туралы шартқа қол қоюдың 5 жылдығына орай өтіп жатқан жиын басында сөз сөйлеген Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев "Еуразиялық экономикалық одақтың қалыптасуындағы Нұрсұлтан Назарбаевтың рөлін ескеріп, Ресей президенті Владимир Путин Жоғары Еуразия экономикалық кеңесінің "құрметті төрағасы" атағын беруді ұсынды" деді.

Назарбаевтың баспасөз хатшысы Айдос Үкібай өзінің Twitter парақшасында "шағын құрам жиыны кезінде Назарбаевқа "құрметті төраға" атағын беру туралы шешім қабылданғанын" жазды.

28 мамырда Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей президенті Владимир Путинді, Беларусь президенті Александр Лукашенконы, Қырғызстан президенті Сооронбай Жээнбековті Нұрсұлтан Назарбаев орденімен марапаттаған. Оларға бұл орден "Еуразиялық интеграция идеясының 25 жылдығына және Еуразия экономикалық одақ туралы шартқа қол қоюдың 5 жылдығына орай, сондай-ақ Қазақстанмен ынтымақтастықты тереңдету мен кеңейтуге қосқан айрықша үлесі үшін" берілген.

29 мамырда астанадағы Тәуелсіздік сарайында өтіп жатқан жиынға Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен экс-президент Нұрсұлтан Назарбаев, Беларусь президенті Александр Лукашенко, Қырғызстан президенті Сооронбай Жээнбеков, Ресей президенті Владимир Путин мен Армения премьер-министрі Никол Пашинян қатысып отыр.

Сондай-ақ Нұр-Сұлтанға одақты бақылаушы мемлекеттің өкілі ретінде Молдова президенті Игорь Додон мен құрметті қонақ ретінде Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон келді.

Нұрсұлтан Назарбаев биыл 19 наурызда мерзімінен бұрын отставкаға кететінін мәлімдеген еді. 3 сәуірде ол тиісті конституциялық заңмен реттелетін "Тұңғыш президент – Елбасы міндетіне кіріскенін" хабарлады. Билік бұрын сенат спикері болған Қасым-Жомарт Тоқаевқа көшті. Жаңа әкімшіліктің бірінші жиынында Назарбаев Қауіпсіздік кеңесінің, Қазақстан халықтары ассамблеясының төрағасы екенін еске салды және "Нұр Отан" партиясын басқара беретінін айтты. Оған қоса, Назарбаев – Конституциялық кеңестің мүшесі.

Сыншылар Назарбаевты "басқаша ойлайтындарға қысым жасады, билігін асыра пайдаланды, демократиялық емес процедуралармен өкілетін ұзартты" деп сынаса, қазір оны "қалу үшін кетті" дейді. Билік сынға жауап ретінде елде адам құқығы сақталып тұрғанын, демократиялық институттар дамып жатқанын айтады және Қазақстанда билік транзиті Конституция мен заңға толық сай өтті деп санайды.

  • 16x9 Image

    Әсемгүл МҰХИТҚЫЗЫ

    2004 жылы Павлодар мемлекеттік университетін журналистика мамандығы бойынша тәмамдаған. "КТК-7"  телеарнасында тілші  (2003-2005), "Қазақстан-Павлодар" облыстық телеарнасында редактор, шеф-редактор (2005-2013), "Астана" телеарнасы Павлодар облысындағы меншікті тілшісі (2013-2019) болып жұмыс істеген. 2019 жылдан бері Азаттықтың Нұр-Сұлтан қаласындағы тілшісі.  

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG