Accessibility links

Алматы облыстық соты Сауытбайдың шағымын қайта қарауға жіберді


Сайрагүл Сауытбай мерзімі ұзартылған "пана іздеуші тұлға" куәлігін көрсетіп тұр. Алматы, 28 қаңтар 2019 жыл.

29 мамырда Алматы облыстық соты Сайрагүл Сауытбайдың облыстық көші-қон қызметінің босқын мәртебесін беру комиссиясының үстінен түсірген шағымын қайта қарауға жіберді. Бұл туралы Азаттыққа адвокат Айман Омарова хабарлады.

Облыстық сот Талдықорған қалалық сотының Сауытбайдың шағымын қарауды тоқтату туралы ұйғарымын бұзды. Енді Сауытбайдың босқын мәртебесін беру комиссиясының үстінен түсірген шағымын Талдықорған қалалық соты қайта қарайды. Сот қашан өтетіні әзірге белгісіз.

2018 жылы 4 қазанда Алматы облыстық көші-қон қызметінің босқын мәртебесін беру комиссиясы Сайрагүл Сауытбайға босқын мәртебесін беруден бас тартқан. Осыдан кейін Сауытбай Талдықорған қалалық сотына шағымданып, босқын мәртебесін беру комиссиясының шешімін жоюды талап еткен.

Талдықорған қалалық соты 2019 жылы 8 сәуірде Сауытбайдың шағымын қарауды тоқтатқан. Осыдан кейін Сайрагүл Сауытбай Талдықорған қалалық сотының істі тоқтату туралы ұйғарымына қарсы облыстық сотқа шағымданған.

Сайрагүл Сауытбайдың адвокаты Айман Омарова "бұл істі созу" деп санайды.

- Осыдан бір ай бұрын, тура сот болатын күні Талдықорған қалалық соты босқын мәртебесін беру комиссиясының мүшелері іссапарда деп істі кейінге қалдырған. Бірақ Сайрагүл Сауытбайдың шағымын қарауды тоқтату туралы ұйғарым шыққанын айтпады. Бүгін [облыстық сот] осы ұйғарымды бұзып, істі қайтадан қалалық сотқа жіберді. Меніңше, істі сайлау өткенше соза тұрмақ, - деді Сауытбайдың қорғаушысы.

2018 жылы тамыз айында Алматы облысының Панфилов аудандық соты "шекараны заңсыз кесіп өтті" деп айыпталған Қытай қазағы Сайрагүл Сауытбайды алты ай бас бостандығынан айыруға, бірақ оны "жазасын жеңілдететін ерекше жағдайына" байланысты шартты жазаға алмастыруға үкім еткен.

Оқи отырыңыз: "Менің тағдырым ойыншық болып қалды"

Сайрагүл Сауытбай сотта өзіне Қытайда "саяси қысым жасалғандықтан шекарадан заңсыз өтуден өзге жол қалмағанын" мәлімдеген. Ол сотта Қытайда құпия саналатын "саяси үйрену орталықтарында" жұмыс істегенін, "мемлекет құпиясын әшкерелемеу" туралы қолхат бергенін жеткізген. Ол егер өзін Қытайға қайтарса, онда өлім жазасына кесілуі мүмкін екенін, Қазақстандағы кез-келген жазаға келісетінін мәлімдеген.

Бұған дейін Қазақстан билігі Сайрагүлге үш ай мерзімге "пана іздеуші тұлға" куәлігін беріп, 2018 жылы қазан айында оның мерзімін тағы үш айға ұзартқан. Содан бері ол Қазақстанда босқын мәртебесін ала алмай жүр.

  • 16x9 Image

    Нұртай ЛАХАНҰЛЫ

    Нұртай Лаханұлы. 1973 жылы дүниеге келген. 1998 жылы әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінің филология факультеті бойынша тәмамдаған.  «Қазақстан-Заман» газеті мен «Қазақ радиосында» қызмет еткен. 2010 жылдан бері Азаттық радиосында  жұмыс істейді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG