Accessibility links

Алматыдағы форумда Орталық Азиядағы сөз бостандығын талқылады


"InternetCA-2019 Орталық Азиядағы интернет саласының дамуы" форумы. Алматы, 30 мамыр 2019 жыл.

30 мамырда Алматыда "InternetCA-2019 Орталық Азиядағы интернет саласының дамуы" атты форум басталды. Екі күнге созылатын форумның бірінші күні Орталық Азиядағы сөз бостандығы мәселесі, жалған ақпаратпен күрес, киберқауіпсіздік, сайлау кезіндегі БАҚ жұмысы тақырыптары талқылады.

Азаттық радиосының продюсері Қасым Аманжол форумда сөз сөйлеп, Қазақстандағы журналистердің құқығының бұзылуы жайлы айтты. Ол соңғы уақытта саяси және әлеуметтік өткір тақырыптарды жазған журналистерге қысым күшейіп, кедергі көбейгенін сөз етті.

Қасым Аманжол Азаттық тілшісі Сәния Тойкен мен "Настоящее время" тілшісі Светлана Глушкованың ұсталып, сотқа тартылғанын айтты.

Жиында Қырғызстан, Өзбекстан, Түркіменстан журналистері де елдеріндегі сөз бостандығы жайлы есептерін жариялады. "Настоящее время" телеарнасының ақпараттық бағдарламаларының бас редакторы Кирилл Сухоцкий пропаганда, ксенофобия тақырыбын қозғады.

Ерболат Калим, Қазақстан цифрлық даму, қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің өкілі
Ерболат Калим, Қазақстан цифрлық даму, қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің өкілі

Жиын кезінде Азаттық тілшісі Қазақстан цифрлық даму, қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің өкілі Ерболат Калимнан елдегі интернеттің бұғатталуы жайлы сұрағанда ол "бұл мәселеге ақпарат және қоғамдық даму министрлігі жауап береді" деген еді. Кейін ол Азаттыққа қайта хабарласып, сұрақты толық түсінбегенін, интернеттің бұғатталу мәселесімен ақпарат және қоғамдық даму министрлігі жауап бермейтінін айтты.

Калим өзі қызмет ететін министрлік ақпарат қауіпсіздігін, контентті бақылайтынын жеткізді.

Мамырдың ортасында Қазақстан ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев "бұғаттауға біздің қатысымыз жоқ. Техникалық ақаулар болған шығар" деген.

Ал Қазақстан сандық даму, қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Асқар Жұмағалиев "9 мамырда интернет жұмысындағы ақау неден болғанын тексеретінін" айтқан.

2018 жылы Қазақстан билігі бірнеше күштік құрылымда елде төтенше жағдай болғанда интернетті бұғаттауға рұқсат берген.

"InternetCA-2019 Орталық Азиядағы интернет саласының дамуы" атты форумы 10-рет өтіп жатыр. Форумды MediaNet халықаралық журналистика орталығы ұйымдастырады. Шараға Нұр-Сұлтандағы ЕҚЫҰ бағдарламалар офисі және Конрад Аденауэр атындағы қор демеуші болған. Форумға Германия, Сингапур, Чехия, Ресей, Украина, Тәжікстан, Қырғызстан, Түркіменстан, Өзбекстаннан келген сарапшылар қатысады.

  • 16x9 Image

    Нұргүл ТАПАЕВА

    Нұргүл Тапаева 2012 жылы Түркістандағы Қожа Ахмет Яссауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетін журналистика мамандығы бойынша бітірген. 2008 жылдан бастап қалалық, облыстық, республикалық телеарналарда журналист, редактор болып жұмыс істеген. 2016 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі. 

    Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG