Accessibility links

Шымкентте қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу митингісі өтті


Қасірет мемориалындағы қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу митингісіне келген тұрғындар. Шымкент, 31 мамыр 2019 жыл.

31 мамырда Шымкенттегі Қасірет мемориалында қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу митингісі өтіп, шараға жүздеген адам қатысты. Қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымовтың келген жиынға жұрт таңғы 8.00-ден жинала бастады. Келіп-кетіп жатқандарды полиция бақылап тұрды.

Әкім бастаған топ Қасірет мемориалындағы "Ана мен бала" ескерткішіне гүл қойды. Сахналық қойылымнан соң сөз алған Әбдірахымов "[Қуғын-сүргін құрбандары] қазақ халқы үшін құрбан болды. Конституция бойынша, басты қазынамыз - адамның өмірі, құқығы және еркіндігі" деді. Құрбандарды еске алуға арналған бір минуттық үнсіздіктен соң митинг аяқталды.

Жарты сағатқа созылған митингіге келушілердің басым бөлігі мектеп мұғалімдері мен балабақша қызметкерлері екені байқалды. Азаттық тілшісінің хабарлауынша, жиынға қатысқандар митингі аяқталған соң қай мектептен кімнің келіп-келмегені жазылатын тізімге белгіленген. Тізім жасап жатқандар "қайта беріңіздер" деген соң мұғалімдер тарады.

Шараға келген кейбір тұрғындар құрбан болғандарға құран оқылмағанына қынжылды. "Өлілерге құран тиеді. Сонша адам жиналды. "Аумин" дегеніміз жарасатын еді. Бұл - музей емес, 16 мың адамның сүйегі жатқан жер" дейді желтоқсаншы Бақытжан Жасұзақұлы.

Қазақстандағы қазіргі саяси еркіндік туралы пікірін айтқандар да бар. Мұғалімдер құқығын қорғаумен айналысатын "Зияткер-Ұстаз" қоғамдық бірлестігінің төрағасы Өмір Шыныбекұлы "Тоқсаныншы жылдардың басындағы еркіндікті көрдім. Қалаған адам пікірін көшеге шығып еркін айтатын еді. Қазір таза плакат алып шыққан адамдарды, әйелдерді полиция сүйреп жатыр. Бұл - сөз бостандығына шектеу салу" дейді ол.


Қазақстанда саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу мамырдың 31-і күні атап өтіледі. Тарихшылардың зерттеуінше, 1931-1933 жылдары қазақ даласында болған ашаршылық салдарынан екі миллионға дейін адам құрбан болып, сталиндік репрессия жылдарында кем дегенде 22 мың адам атылған.

  • 16x9 Image

    Дилара ИСА

    Дилара - Азаттықтың Шымкенттегі тілшісі. 1986 жылы туған. Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті мен Абай атындағы ҚазҰПУ-ді бітірген.

    "Жас Алаш" газетінде жұмыс істеген.

    Азаттықпен 2012 жылдан бері әріптес.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG