Accessibility links

Туск Назарбаевтың билікті тапсыру қадамын жоғары бағалады


Нұрсұлтан Назарбаев (оң жақта) пен Дональд Туск кездескен сәт. Нұр-Сұлтан, 31 мамыр 2019 жыл.
Нұрсұлтан Назарбаев (оң жақта) пен Дональд Туск кездескен сәт. Нұр-Сұлтан, 31 мамыр 2019 жыл.

31 мамырда Нұр-Сұлтанда Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаев Еуропа одағы кеңесінің төрағасы Дональд Тускпен кездесті.

Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан мен Еуропа одағы арасындағы қарым-қатынас жоғары деңгейде дамып келе жатқанын атап өтті. Ал Дональд Туск Назарбаевтың билікті тапсыру қадамын жоғары бағалады.

"Менің ойымша, бүкіл Еуропа осы қадамыңызға (президенттіктен кеткенін айтады - ред.) тәнті болды, - деді Туск.

31 мамырда Дональд Туск Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездесіп, бизнеспен айналысуды дамыту, заң үстемдігі, жемқорлықпен күрес мәселесін талқылады.

Тусктің Нұр-Сұлтанға сапары алдында бір топ қазақстандық мәлімдеме жасады. Олар Туск Қазақстан билігіне елдегі адам құқығының бұзылуын, интернеттің бұғатталуын айтуы тиіс деп санайды.

Ақорда сайтында жарияланған хабарламада Туск Тоқаев және Назарбаевпен кездескенде Қазақстандағы адам құқығы мәселесін талқылағаны, я талқыламағаны айтылмаған.

Қазақстанды 30 жылдай басқарған Назарбаев биыл 19 наурызда президенттік өкілетін тоқтатқан. Қазір ол – билік партиясы "Нұр Отанның" төрағасы және Қауіпсіздік кеңесінің басшысы. Назарбаевтың "Ұлт көшбасшысы" және "Елбасы" деген статусы бар. Қазақстан заңына сай, Назарбаевтың үстінен қылмыстық іс қозғалмайды.

Назарбаев президенттіктен кеткен соң орнына 66 жастағы Қасым-Жомарт Тоқаевты қойған. Тоқаев 9 маусымда өткен президент сайлауында 70 пайыздан артық дауыс жинап жеңіске жетті. Сайлау күні халық билікке қарсы наразылыққа шығып, полиция мыңдаған адамды ұстаған. Халықаралық ұйымдар сайлау күнгі полицияның әрекетін заңсыз деп сынады. Қазақстан орталық сайлау комиссиясы халықтың наразылығына қарамастан сайлау нәтижесін заңды деп тауып, 12 маусымда Тоқаев ант етіп, қызметіне кірісті.

Биыл мамырда Еурокомиссия Орталық Азия елдерімен қарым-қатынасты дамытудың жаңа стратегиясын қабылдаған. Құжатта адам құқықтары мен азаматтық қоғамды қолдау жайлы да сөз болған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG